» » ОНЛАЙН ТУРИЗМ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА?

ОНЛАЙН ТУРИЗМ ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА?

    Әлемдік пандемияның әсері жас кәсіпкерлердің де жұмысына кері ықпалын тигізгені рас. Алайда: «амалын тапса карантин  кезінде де, кәсіпті тұрақты жүргізуге болады» дейді Еділ Шынәліұлы. Бастысы, санитарлық талаптарды қатаң сақтап, қоғамдық тәртіпке бағынған дұрыс. Осы аптада жиырма үш жастағы жас кәсіпкер «Arman tour» туристік агенттігінің төтенше жағдай кезіндегі жұмыс барысы жайында әңгімелеп берді.
    Елде төтенше жағдай басталмас бұрын «Arman tour» туристік агенттігі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Үкаш ата, Жылаған ата мазарына, Отырар қалашығына, сондай-ақ Түркістан облысының бірнеше тарихи-мәдени орындарына жеке тур ұйымдастырған. Еділдің мұндай батыл бастаманы қолға алып, кәсіпкерлікке ден қоюына  Ғани атты досы себепкер болыпты. «Ол кісі болмағанда әлі күнге дейін ойға алған жобаларым тек қағаз бетінде қалар ма еді?!» дейді кейіпкеріміз.
  − Жалағаш ауданындағы №33 орта мектепті тәмамдаған соң, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи университетіне оқуға түстім. Негізгі мамандығым денешынықтыру және спорт саласы болса да, мені кәсіпкерлік бағыты ерекше қызықтырды. Болашақта өз кәсібімді ашу үшін сол кезден бастап түрлі жұмыстарға белсене араластым. Алдымен кірпіш зауытына қызметке орналасып, кейін сауда саласына ауыстым. Туризм саласына келуіме сауда-саттық барысы көп ықпалы етті. Қазір жастардың басым көпшілігі мұндай қарапайым жұмыстарды атқаруға ұялатынын жиі байқаймын. Бірақ ата-анаңа масыл болмай, маңдай теріңмен табыс табу жалған намыстан әлдеқайда артық емес пе?! – дейді Еділ.
   Студент бола тұра мектеп оқушылары үшін үш күндік сапарды зор жауапкершілікпен атқарған Еділдің еңбегі көптің көңілінен шығып, жанына өзі сынды жігерлі, талапты жастар жинала бастайды. Жас кәсіпкердің айтуынша, қандай салада да команда басты фактор болып есептеледі, содан кейін ішкі туризмге  қатысты қоғамдық көзқарас маңызды. 
  − Тур ұйымдастыру кезінде байқағаным, тұрғындар үшін командамен емес, жалғыз өзі саяхаттау сенімді әрі қауіпсіз, арзан болады деген түсінік қалыптасқан. Осы көзқарас өзгерген жағдайда ғана ішкі туризм саласында қозғалыс пайда болар еді. Расында, бір адам үшін саяхаттау шығыны қалтаға салмақ салады, ал туристік агенттік көмегімен қаражатты елу пайызға дейін үнемдеуге болады. Топпен бірге саяхаттаудың тағы бір тиімді тұсы, жаңа ортада алған әсеріңізбен бөлісетін таныстар көбейеді.
     Тағы бір ескеретін жайт, жас кәсіпкер заман ағымына сай жарнама қызметін  де дұрыс ұйымдастыра алу керек. Әсіресе әлеуметтік желіде белсенді болып, жиі-жиі пайдалы, жаңа ақпаратпен бөліскені жөн. Өйткені нарық заңына сәйкес табысты болу оңай емес. Бүгінде өзім осы сала бойынша ізденіп жүрмін, ал агенттіктің әлеуметтік желідегі парақшасын арнайы СММ маманы жүргізеді, − дейді ол.
   Отандық туризмді жаңа бағытта дамытуды мақсат еткен Еділ қазір қызмет барысын онлайн режимде жалғастыруда. Команда мүшелері де карантин талаптарын барынша сақтап, туристердің қашықтан тіркелуіне жағдай жасауда.
   − Елдегі төтенше жағдай туризм саласына айтарлықтай әсер етуде. Ішкі турларды ұйымдастыруға біршама шектеулер енгізілген, тек санитарлық режимді сақтап, ережеге бағынсаң ғана саяхаттауға рұқсат беріледі. Осы қиындықты еңсерсек, алдағы уақытта жаңа жоспармен жұмысты жүйелі жалғастырып кетеміз деп ойлаймын. Ал шілде айында Алматыдағы Көлсай-Қайыңды көліне тур ұйымдастыруды жоспарлаудамыз,  − дейді Е.Жұмабек.  
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
24 маусым 2020 ж. 320 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031