» » Әлеуметтік желідегі қазақ тілі

Әлеуметтік желідегі қазақ тілі


 
Адамзат тарихындағы қарым-қатынастың ең дамыған дәуірі енді басталды. Әлеуметтік желі, ғаламтордағы байланыс әрбір адамның ішкі мәдениетін ғана емес, сауаттылық деңгейін де көрсететін қабілетке ие. Сіз бен біздің электронды хат алмасуымыздағы сөйлем құрау шарттарымыздың сақталуы тілдік білім дәрежеміздің сапасын аңғартатынын білеміз. Ал қазақ жастарының ғаламжелідегі жазу үрдісі қай деңгейде? “Аяқсыз” қазақ әріптері мен “қысқарған” сөздер тізбегінен құтыла алды ма?
Әлемдік жалпыға бірдей байланыстың өзгеше сипат алғанына ғасыр енді толады. Адамзат “айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” телефонға таңғалып үлгермей, әлеуметтік желінің кереметіне тап келді. Бүгінде дәуірдің игілігі ортақ құндылыққа айналды. Алайда әп-сәтте қалаған кісімен виртуалды байланыс орнатуға мүмкіндік беретін желі қазақ тілін әбігерге салуда. Соның ішінде әлеуметтік желідегі жастарға көп айтылатын негізгі сын: орыс тілін араластыра сөйлеуі және қазақ тілінің ережелерін сақтамауы. 
Әдепкіде мұндай қателікті смартфондағы қазақ әріптерінің болмауымен байланыстырғанымен, кейіннен бұл олқылық ретке келген кезде де келеңсіздік бәсеңдемеді. Екеуара электронды хат алмасқан екі жастың бірі “калын калай?”, “каксын?”, “өз калайсн?” деген негізсіз қолданысты әдетке айналдырған. Орыс тілінде бір таңбаның орынсыз жазылғанына ұялатын қазақ жастары өз тіліміздегі өріп жүрген қатеге аса қысыла қоймайтын тәрізді. Бұған аға буынның күнде көріп жүрген мәселеге дер кезінде тоқтау салмағаны да себеп болса керек. Себебі бізді диалог құрушының сауаты мен тілдік деңгейі қызықтыра бермейтіні жасырын емес.
– Бұл – тілге деген құрметсіздік. Қазақ тілінің орфография және орфоэпия заңдылықтарын білмеуді басқа қалай атауға болады? Одан басқа  пунктуация, яғни емле ереже де сақталмайды. Қай жерде үтір, қай жерде нүкте болу керегін жастар білмей жатады. Бұл орынсыз айып болып көрінуі мүмкін. Алайда әлеуметтік желіде отыратын көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жастың саны арту керек. Оған қоса бұл ережелердің барлығы 5-сыныптан  бастап үйретілетінін ойласақ, жастарға реніш туындайды, – дейді ұстаз Алмагүл Якудаева.
Ағылшын тілінде қиын әрі көп қолданыстағы сөздердің өзіндік қысқарту тәсілі бар екен білеміз. Ал қазақ тілінің төрт әріпті сөзін бел ортадан келте қайыратын не әдет? Қысқарту дегенді жарым сөз деп түсіну – қателіктің бастауы. Бұл ешбір тілдік талапқа сай келмейтін “нест?”, “жатрм”, “не жан?” тәрізді сөздердің көбеюіне әкелуде.
Әрине, бұл сөз жастың бәрі жалаң ойлайды, көптің дені сауатсыз деген ой емес. Қазақ тіліне бейжай қарамайтын қауымның қатары артып келеді. Әлемдік білім деңгейіне қол созған жастар алдымен қазақ тілінің қолданыс аясын, дәрежесін көтеруге күш салуда. Тіпті әлеуметтік желіде қазақша сөйлеу, дұрыс жазу бастамасы көтеріліп, қолдаушылар саны артып келеді. Яғни, көш жүре түзеледі десек, мұндай мәселе шешімін табатын уақыт алыс емесі анық.
Алайда бізді алаңдататын басқа мәселенің шеті көрінуде. Нендей мәселе дейсіз ғой? Ол – латын графикасына көшу бастамасы. Дұрыс, жазу емлесі, негізгі ережелер қабылданатыны белгілі. Алайда қазақ жастары өзгеріске дайын ба? Ғасыр болған кириллицада қателік жіберетін жастар, жаңа енген латынды қалай жүйеге келтіреді? Тіл – тірі организм. Ол қарым-қатынас арқылы өзгеріске ұшырайды. Демек латын графикасын күнделікті қолдануда да өзгеріс болады деген сөз.
Оған басты екі себеп бар. Алғашқысы – бүгінде латынды қолданатындар, соңғысы – ағылшын тілінің таңбалау тәсілі.
Жастар арасында латын графикасын қолдану бұрыннан қалыптасқаны анық. “Майл.ру” қосымшасы арқылы танымал болған 2010-2015 жылдар аралығында қолданушының көбі латын графикасын пайдаланды. “Ш” дыбысының орнына “W” таңбасын, “б” дыбысына “V” таңбасын қолдану белең алған. Сондықтан ендігі өзгерісте ескі “әдеттің” салқыны тиюі әбден мүмкін. Оған қоса, ағылшын тілін үйренуді бастаған жастар күнделікті қолданыста сол тілдің таңбалау әдісін қолдануы ықтимал. Мұндай келеңсіздік орын алмау үшін латын графикасының электронды пернетақтасын дер кезінде орнатып,  әлеуметтік желідегі сауатты жазуға үндеу маңызды.
Әрине, әлеуметтік желіде үнемі әдеби сөз қолдану орынсыз болуы мүмкін. Оған қоса ауызекі сөйлеу әдісі деген бар. Алайда қазақ тіліне құрмет дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу арқылы келетіні белгілі. Сол себепті өзіңізді сауатты ұстап, қарсы беттегі адамның қателігін түзеуді әдетке айналдыру қажет.  Сонда ғана екінші жақтағы сөйлеуші де түзелері анық.
Ақтілек БІТІМБАЙ
31 шілде 2020 ж. 837 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930