Өмір сапасы рейтингінде Қазақстан 11 сатыға көтерілді
Ұлыбританияның The Legatum Institute сараптама орталығы дүйсенбі күні жыл сайынғы The Legatum Prosperity Index тізімін жариялады. Өмір сапасы рейтингінде Қазақстан Моңғолиядан төмен, Кувейттен жоғары тұр.
Рейтинг азаматтардың өз елдеріне қатысты сауалнамаға берген жауаптарының негізінде жасалды. Олар тоғыз критерий бойынша: экономика сапасы, іскерлік, басқару, білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, жеке еркіндік, әлеуметтік капитал және қоршаған орта жағдайына қарай пікір білдірді.
Қазақстан рейтингтегі 149 елдің ішінде 72-орынға жайғасты. Мемлекетіміз Моңғолиядан (68-орын) төмен, Кувейттен (80-орын) жоғары тұр.
Қазақстанда білім және экономикалық сапа жақсарып, жеке еркіндік есебі төмендеген. Былтырмен салыстырғанда ең жақсы өзгеріс әлеуметтік капитал жағынан болды. Ол 24 орынға көтерілді, ал жеке еркіндік 6 орынға төмен түсті.
Өмір сапасы рейтингінде Қазақстан былтырғы 83-орнынан 11 сатыға жоғарылады.
Алғашқы ондықта Норвегия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швейцария, Швеция, Нидерланды, Дания, Канада, Австралия Ұлыбритания бар. Ал, соңына Бурунди, Ангола, Ирак, Конго Демократиялық Республикасы, Мавритания, Чад, Ауғанстан, Судан, ОАР және Йемен жайғасты.