Қазақстан халқы Ата Заңымыз – Конституция күнін атап өтуде
Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз – Конституцияға дәл бүгін 25 жыл толып отыр. Еліміздің Ата Заңы – 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын.
Демократиялық даму жолына түскен кез келген елде Ата Заң мемлекеттіліктің, құқық үстемдігінің, тұрақтылықтың негізі болады. Бұл тұрғыда жалпыға ортақ әділеттілік орнайды. Осы ретте сарапшылар Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қазақстан алдында өзінің конституциялық моделін айқындау бойынша ерекше маңызды мақсат тұрғанын атап өтуде. Бұл ретте жасалатын дұрыс қадамға жас мемлекеттің тағдыры тікелей байланысты болды. Яғни, мемлекеттік реформалар жүргізуге қауқарлы болуы, әлемдік қоғамдастықтың теңқұқылы мүшелігіне енуі секілді мәселелерге назар аударылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияны әзірлеу мен қабылдауда рөлі қандай?
Тарихқа сәл кейін шегінер болса, 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы Ата Заңды қабылдау бастамасымен шықты. Еліміздің беделді заңгер ғалымдарымен қатар Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысқан жобалық жұмыс өз жемісін беріп, бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалады. Айта кетерлігі, Конституциямыздың жобасын талқылау ісінен қарапайым халық та тыс қалған соң. Ресми деректерге қарағанда, еліміз үшін басты құжатты талқылау ісіне 3 млн 345 мың адам қатысты. Қарапайым халық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілді. Осылайша, сан мәрте сүзгіден өтіп, жетіспеген жері толықтырыла түскен Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дәл осы заңымыздың қабылдануына Қазақстанда дауыс беруге құқы бар сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, оның 89,14 пайызы қолдаған болатын.
Сондағы қиын кезеңде миллиондаған ел азаматы осы идеяның айналасында бірігіп, қолдау білдірді. Елбасы сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет халықтың болашағы өз қолында болғанын айтқан еді. Ол – халықтың Конституциясы. Барша қазақстандықтардың белсенділігінің арқасында жаңа Ата заң өмірге келді.
Дегенмен, жаңа Конституцияны қабылдау да оңай болмады. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар тобы көптеген әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптаудан өткізді.
«1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын да жақсы білуі керек», дейді Н. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.
Дүниеге келген Конституция Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Негізі, алған бағыттың жүйелігі мен Ата заңның қоғамдық дамудың сұраныстарына сәйкестігі конституциялық реформалармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілді.
ҚР Тұңғыш Президенттің айтуынша, Конституция елдің тұрақты дамуына барлық тетіктерді қамтып отыр. «Біздің Негізгі Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдар бар. Біз алдымызға жаһандық мақсат – ғасырдың ортасына қарай, 2050 жылға дейінгі кезеңге әзірленген стратегиялық бағдарлама негізінде Қазақстанды әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің біріне айналдыру мақсатын қойдық. Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі – серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі – тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түптеп келгенде, Конституция – егеменді Қазақстанның берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы әрі құндылықтарды ұлықтаған қастерлі құжат. Бұл ретте Тұңғыш Президенттің былай деп айтқаны бар: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау».
«Қасым ханның қасқа жолынан», Есім ханның ескі жолынан, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық принциптерге негізделген Конституциямызға жиырма бес жыл толып отыр. Конституция – ел халқының пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы – Ата Заңның әлеуетін арттырды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Конституциясы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Сәйкесінше, бұл құжат өзінің заман талабына лайықтығын дәлелдеді.
ҚазАқпарат