Құқықтық мемлекеттің қайнар тірегі – конституция
Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Конституциясы. Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Бұл – мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатынының айқын дәлелі.
Конституция – халқымыздың мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, жер-жаһанға «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ол – біздің адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауының, тіліміз бен дініміздің дамуының, ар-ождан бостандығының қорғалуының кепілі.
Конституция қабылданғаннан бергі ширек ғасырға жуық уақыт тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір кезең. Ол Парламенттің рөлін көтеруді, оның үкіметке ықпал жасау және бақылау жасау тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етті. Елімізде жергілікті өзін өзі басқару органдарының дамуына жағдай туғызды. Сайлау жүйесін реформалау, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған маңызды тарихи қадамдар жасалды. Еліміздің Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты.
Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, құқықтық мемлекеттің қайнар көзіне айналды.
К.ЕСПЕНБЕТОВА,
Қызылорда қалалық мамандандырылған
әкімшілік сотының судьясы