» » Қарауылтөбе күрішіне орақ түсті

Қарауылтөбе күрішіне орақ түсті

  Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылындағы Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС тәжірибе алаңында күрішке орақ түсті. Мұнда «Янтарь», «Лидер» сорттарымен қатар жаңа «Сыр сұлуы» сорты да егілген болатын. Бұған дейінгі қолданыстағы сорттар 110-120 күнде пісетін болса, жаңа сорт 90 күнде толық дайын болады.
Күрішке орақ салу рәсіміне Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен орынбасарлары, ауыл әкімдері, ақсақалдар қатысты.
Ауыл диқандарының қуанышты сәтіне келген қала басшысы алдымен институт ғалымдарының көрмесімен танысты. Мұнда ғалымдар шығарған көкөніс, қауын-қарбыз, жүгері, малазықтық дақылдардың жаңа сорттары қойылған.
– Су тапшылығын жұртшылық күріш еккенімізбен байланыстырады. Бірақ, күріштің өңірдің басты әрі экологиялық дақыл екенін естен шығарады. Күріш көлемін көп қысқартсақ, жер тұзданып кетеді. Ал тұзданған жерге басқа дақылдар шықпайды. Сондықтан ауыспалы егісті таңдаймыз. Күріш егілген жерге басқа дақылдар жақсы шығады. Біздің ойымызша, күріш алқабын 50 проценттен 25 процентке дейін қысқартуға болады. Оның орнына басқа дақылдарды егу мүмкіндігіміз бар. Бірақ суды үнемдеу ғылыми жобалардың негізімен ғана жасалуы керек, – дейді Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Бақытжан Дүйсембеков.
 
Қала әкімі алқаптағы жаңашыл бастамалармен танысты. Әсіресе, агродрон шаруаларды көп шығыннан сақтап тұр. Өйткені, бұрын тұқым сепкіш құралдармен тым биіктен тыңайтқыш сепкенде дән желге ұшып әбігер болатын. Ал агродрон жер бауырлай ұшып, өнімнің үстіне жақындай себеді. Мұның тиімділігі жоғары. Нұрлыбек Машбекұлы жаңа бастамаларға оң бағасын берді.
– Биыл қаладағы ауылшаруашылық саласы тың идеяларға толы болды. Агродронмен қатар, «Сыр сұлуы» сортының өзі ерекше. Басқа сорттардан 15-20 күн ерте піседі. Сабағы аласа болғанымен, дәні – ірі. Гектарына 50 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Бұдан бөлек, қант құмайын егуді қолға алдық. Одан 100 тоннаның үстінде малазықтық дақыл алуға болады. Су тапшылығы болған жоқ, – дейді Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Абдрасулов.
Дәулет Қырдан,
«Сыр бойы»
10 қыркүйек 2020 ж. 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031