Аурухана жоспарлы түрде науқастарды қабылдауды бастады
Облыстық көпбейінді аурухана кешеден бері науқастарды жоспарлы түрде қабылдауды бастады. Пандемияға байланысты аурухана 4 ай бойы мұндай қызметті уақытша тоқтатқан болатын.
Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталғандықтан, енді емдеу орны облыс бойынша барлық науқастарды қабылдайды. Қазір ауруханада жедел түрде түскен 370 науқас емделуде.
– Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтауына байланысты науқастарды қабылдауды бастадық. Түске дейін он науқас келіп түсті. Соның төртеуі көз бөліміне, біреуі хирургия, екі науқас жалпы терапия бөлімдеріне жатқызылды. Осы кезге дейін барлық емханалармен тығыз байланыста болдық, пациенттерге нейрохирург, кардиохирург, жалпы барлық дәрігерлер онлайн түрде кеңес беріп отырды. Емханаларда диспансерлік есепте тұратын сырқаттармен де Whatsapp, Skуpe арқылы сөйлесіп, кеңес бердік. Қазір барлық науқастарды қабылдауға толық мүмкіндігіміз бар, – деді директордың хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары Алмас Әбілпатта.
Кеше келіп түскен емделушілердің қатарында 58 жастағы Найла Бакешова да бар. Көптен бері дертіне дауа іздеген ана «Сенім» емханасы арқылы жолдамамен келіпті. Жағдайын сұрағанымызда ұзақ уақыттан бері денсаулығына алаңдап, уайымдағанын, сәті түсіп, енді ауруханада уақытылы ем алатынына қуанатынын айтты.
Айта кету керек, қаладағы мұнан өзге де медицина ұйымдары енді біртіндеп жоспарлы емдеу жұмыстарын бұрынғыша жалғастыратын болады.