Түгел науқас жазылып шықты
Кейбір өңірде барлық науқас жазылып шықты, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет. Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазып отыр.
Министрліктің ресми өкілінің айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуы күннен-күнге төмендеп келеді. Соның нәтижесінде медициналық мекемелердің жүктемесі азайып жатыр.
«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2020 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша, елімізде провизорлық емдеу орындары мен стационарларда 57 798 төсек-орын болды. Ол кезде жүктеме 57 процентке жеткен. Қазір ауруханаларда жатын орындар саны — 37 мың, жүктеме 29 процентке дейін азайған», — деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір өңірлерде түгел науқас жазылып шыққан. Ал ауруханалар бос тұр.
«Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы инфекциялық бөлім қазір бос тұр, яғни, аталған ауданда коронавируспен ауыратын науқастар жоқ», — деп атап көрсетті Қожахмет.