ҰБТ-да танымал тұлғалар туралы сұрақ болмайды
Орталық басшысының айтуынша, ҰБТ форматы өзгермейді және тест тапсырмаларының базасы 50%-ке жаңартылған. «Биылғы ҰБТ өткен жылғыдай бес пән бойынша: үш міндетті және екі таңдау пәні бойынша өтеді. Міндетті пәндер арасында математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы пәндері бар. Тест тапсырмаларының базасы 50%-ке жаңартылды. 2017 жылы бізде 80 000 тест тапсырмалары болса, биыл олардың саны 120 мыңнан асады. Оның шамамен 11%-і функционалды сауаттылығын анықтауға бағытталса, шамамен 37% тест тапсырмаларының бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар. Бұл өз пәнін тереңірек түсінуге және құр жаттап қана қоймай, ойлануға мүмкіндік береді, - деді Рамазан Әлімқұлов ҚР БҒМ алқасының кеңейтілген отырысы аясында журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, Рамазан Әлімқұлов жаңа ҰБТ-да Қазақстанның танымал тұлғалары туралы сұрақтардың болмайтынын атап өтіп, ҰБТ тапсыру жағдайын жақсарту бойынша өзгерістер енгенін хабарлады. «Бұрынғы ереже бойынша мектеп түлегі белгілі бір себептермен тестілеуге қатыса алмаса, келесі жылға қалдырылатын. 2018 жылы белгілі бір себептермен тестілеуге қатыса алмаған оқушының қабылдау комиссиясының рұқсатымен өз аймағындағы келесі лекпен тапсыра алуы үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Р. Әлімқұлов.