» » ӘЙЕЛДЕРГЕ АҚЫЛ

ӘЙЕЛДЕРГЕ АҚЫЛ

  Әлем жайлы, әлемнің әдемісі әйелдер жайлы әңгіме таусылған емес, таусылмайды да. Ақындар да, ақын еместер де әйел тақырыбына келгенде көмекті өлеңнен іздейді, аузының суы құрып жырлайды. «Әйел құлағымен сүйеді» деген қағида бар емес пе?! Сондықтан әйелдің құлағына лапшаны салақұлаш қып іле бер, іле бер. Лайықты теңеу таппай тентіреп кете жаздайды. Күнге теңейді – күндіз күйдіргі екенін, Айға теңейді – түндегі түнерген салқын екенін айтқысы келетін болуы керек. Мен де әйел дегеніміз жайқалып өскен гүл дер ем, жұлып аласың да құшырлана иіскейсің, иіскейсің, әбден мейірің қанады, сенің мейірің қанғанша ол да біртіндеп солады, сосын амалсыз тастай салуға тура келеді, тастайсың. Немесе, әйел дегеніңіз әдемі, әуезді әуен - құмарлана тыңдайсың, тыңдайсың...тыңдай бересің... Оу, бір әуенді қашанғы тыңдай бересің, жалықпайсың ба, зарықпайсың ба, ол әуеннің күндердің күнінде масаның ызыңына ұласып кетуі мүмкін ғой, күйтабақтың да аракідік екінші бетін ауыстырып тұрмай ма екен, лажсыз ауыстыруға мәжбүрлісің. Сұлулық туралы, әдемілік жайлы айтылса соның барлығын әуелі әйелден іздейміз. Еркектер тек жамандықтың көрінісі. Бұрын керісінше еді. Нанбасаңыз қараңыз: мыстан кемпір, жалмауыз кемпір бар да мыстан еркек, жалмауыз еркек атымен жоқ, жезтырнақ әйел бар да жезтырнақ еркек түп-тұқиянымен жоқ. Сол тарихи шындық бұрмаланып келеді. Қазір еркек жеті жасқа келгенше жерден таяқ жейді, есейгенше елден таяқ жейді, есейген соң әйелден таяқ жейді. Соңғы кезде «дүниедегі ең сұлу әйел екіқабат әйел» деп жүрміз. Демек, дүниедегі ең сұлу еркек сол әйелді екіқабат қылған еркек. Осыған қарама-қайшы мысал: дүниедегі ең сұмырай еркек арақ ішіп, маскүнем боп кеткен еркек. Бұдан шығатын қортынды: дүниедегі ең сұмырай әйел сол еркекті маскүнем қылған әйел. Таразының басын тең ұстау керек. Мақтай берген соң әйелдер еркектерге қарағанда ұзақтау өмір сүреді. Себеп?
Су тамызбай шөліркеткен, шөлдеткен,
Бұл тағдырды қойсаңызшы кері кеткен.
Еркектерден аямайды қысымын
Туғаннан-ақ бесігінен, жөргектен.
Керісінше, әйелдерге кең пейіл
Аялаған, әлпештеген, ерке еткен.
Сондықтан ба, жер бетінде әйелдер
Ұзақ өмір сүреді екен еркектен.
«Неге?» деген бұл сұраққа ғалымдар
Жауап іздеп, шарқ ұрып жүр жер-көктен.
 Иә, еркек
Әйелдерден тым ертерек өледі.
 Білесіз бе, оның қандай дерегі?
Ертеңді –кеш ызыңдайтын құлақ жеп,
Әйелдердің... әйелі жоқ...себебі...
Толымбек Әлімбекұлы
29 наурыз 2018 ж. 1 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031