» » » Талақ – әйел тағдырын тәлкек ету

Талақ – әйел тағдырын тәлкек ету


Кезінде Қазақстанда екі әйел алуды заңдастыру турасында депутаттар арасында мәселе көтерілгенмен, қабылданбады. Алайда дін ұстанатын азаматтар арасында заңсыз көп әйел алағандар жиі  кездеседі. Олар бұған исламның рұқсатын алға тартады. Дей тұра, соңғы уақытта діни ортада әйелдер арасында күйеуінен «талақсың» деген бір-ақ ауыз сөз естіп, тағдыры тәлкекке ұшырағандар көбейді. Бәріне бір сценарий тән: діндар әйел діндар күйеуге шыққысы келеді. Танысады. Азаматтығына сенім артады. Кейіннен ол жігіт талақ айтады. Әйел көп өтпей, дәл сондай екінші бір жігітке тұрмысқа шығады. Ол жігіт алғашқы күйеуінің танысы болуы да мүмкін. Бірақ бұл жігіт те ыстық-суығы басылған соң, тез айниды. Әйел алдыңғының кебін құшып, басқа еркекпен некелеседі. Дәл осылай бес жылда тоғыз адаммен некелескен әйелер жиі кездесуде. Имамдар да, дінтанушылар да бұл жағдайдың алдын алу керектігін айтып дабыл қағуда.
Осыны реттеу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітте неке қидыратындарға ата-ананың рұқсатын талап етуде. Сондай-ақ, АХАЖ бөлімінің неке куәлігінсіз мешітте неке қиюға болмайтынын да ескертуде.
Ал дәл қазіргі жағдайда талақ айтып, ажырасып, қайта өзгеге үйлену үрдісі ­ - теріс бағыттағы діни ортада өршіп тұр. Бұл жағдай бірнеше күйеуі талақ етіп, бірнеше баламен жесір қалып, көз жасын көлдетіп, жағдайының айтып, мешіт имамынан көмек сұрап келген әйелдердің тағдыры арқылы анық білінуде. Кінә кімде? Дінде ме, діндарда ма? Әрине, бұл тұста бар кінәні дінге аудару орынсыз. Неге десеңіз, Ислам діні адамның жалпы табиғатымен санасады. Көп әйел алушылыққа алғаш жол ашқан да ислам діні емес. Ислам қайта ер кісілерге алатын әйелдің санын шектеп, төртке түсірген. Одан бұрын ер кісілер жиырма-отыз әйел алса да, ерікті болғаны тарихтан белгілі. Десе де, Ислам адамның өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларын есепке алған. Мәселен, алғашқы әйелі бедеу болса немесе денсаулығы жарамаса және өзге де себептер. Ал қазіргі дін жолындағы кей азаматтар осы рұқсатты өздеріне міндетті парыздай көріп, әрі өзгелерге де дәл солай насихаттау арқылы осыған ұйытуда. Ислам діні мүмкін болса бір әйелмен бақыт табуға да кеңес береді. Ал өзге әйелдерге тек рұқсат шеңберінде мүмкіндік берген. Ол қасиетті Құран аятында ашық көрсетілген. Қазіргі діни орталардағы уағыздардың бірсыпырасы жихадты қолға қару алып кәпірлермен соғысу деп түсіндіру және осы көп әйел алушылыққа қызықтырып шақырумен де қауіпті деуге болады. Өйткені көп әйел алуға қызықтырғанмен оның ар жағында бұның қаншалықты жауапкершілік жүктелгені жеткілікті түсіндірілмеуде. Діндар азаматтар Құран талабын (өз түсініктерінше) орындадық немесе мұсылмандар саны көп болуы керек деген түсініктерді өз істеріне ақтау ретінде қабылдағанмен діннің басқа да бірқатар талаптарын аяқасты етуде. Мәселен, өзіне өмірлік сенім артқан нәзік жандының сенімін ақтамауда. Өзіне Алланың аманат еткенін есепке алмауда. Әйел кісіге тірек болып, қамқорлық жасаудың орнына өміріне немқұрайлы қарап, тағдырын тәлкек етуде. Нәпсіге құл болып, балаларының жетімдік тартуына көз жұма қарауда. Кісі ақысын, құда- құдағи, туған- туыстардың татулығы бұзылатынын елемеуде. Исламның неке деген қасиетті ұғымының қадірін кетіруде. Мұсылманға тән сабырлы мінез таныта алмауда. Оны жаман жүріске итермелеуде. Тағдырдың қиындықтарына мойынсұнбауда. Талаққа себеп болатындай жағдай орын алмаса да, тұрмыстағы ұсақ-түйек жағдайларды себеп ету арқылы басқа әйел алуға асығумен ислами түсініктерінің өресін байқатуда. Әрі қазақ ерекше қадірлейтін «ақ неке», «Құдай қосқан қосағым», «Құдай айырмаса, адам айырмасын», «Бір жастықта қартаю» деген секілді киелі түсініктерге көңіл бөлмеуде. 
Иә, Ислам  ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен «Талақ – Алла тағала жек көре отырып рұқсат еткен іс» деген қағидатты белгілеп, оның талаптарын ауырлатқан. Ислам бойынша ерлі-зайыптыларда ажырасу мына жағдайлармен байланысты: 
 1. Ауру немесе үзір жағдайы. Яғни үйленгенге дейін не кейіннен пайда болған, бірге өмір сүруді қатты қиындатқан қандай да бір үзір не ауру себепті әйелдің ажырасуға құқы бар.
2. Күйеуі асырай алмағанда. Әйелдің ішіп жеу, киіну және басқа да шығындары күйеуіне тән. Күйеуінің жағдайы бола тұра жұбайына көңіл бөлмесе, оны аш, нашар жағдайда қалдыратын болса, әйел алдымен күйеуінен нәпақа алуға тырысады. Ол мүмкін болмаған жағдайда ажырасуға құқылы болады. Күйеуі кедей болса, әйелі оған опа танытып, одан ажырамағаны дұрыс.
 3. Күйеуі үйін тастап кетсе немесе жоғалып кетсе. Күйеуінің үйді тастап кетуі немесе тірі не өлі екені жайында еш хабар болмаған кезде төрт жыл күтіп, содан кейін әйел ажырасуды талап ете алады. Ислам ғалымдары күйеуі түрмеге түсіп не жау қолына тұтқынға түсу жағдайына қарай түрлі көзқарас білдірген.
 4. Бірге тұра алмағанда не әйеліне қатты жәбір көрсеткенде.  
 5. Зинаға барған жағдайында.  
Ал «Күйеуінен орынсыз ажырасуды талап ететін әйелдер жұмақтың исін сезбейді» деген хадистер ерлі-зайыптыларға ажырасуға сылтау іздемеу керектігін білдіруде.
 Талақ - әзіл көтермейтін мәселе. Әзілдеп талақ айтуға болмайды. Шариғат бойынша әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайымен қайта қосыла алмайды. Қайта үйлену үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, одан талақпен ажырап, етеккір мерзімінің бітуін күтуі тиіс. Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады.
Ал бүгінгі күнгі кейбір теріс діни ағым өкілдерінің некеге тым жауапсыз қарауы, көп әйел алушылық исламда бар дегенді желеу етуі, жиі талақ айтуы, бұл расында халықтың сол адамдарға деген ренішін тудыруда. Айналып келгенде, ол дінге деген салқын көзқарас тудыруда.
Аз уақыттың ішінде бірнеше ер адаммен некелескен әйел қайсысынан бала көтергенін де біле алмайтын жағдайға келуде. Бұның исламға дейінгі жахилия кезінен қандай айырмашылығы бар? Ислам әйел затына деген құрмет мен қамқорлықты жоғары қояды. Неке - ол Алланың алдында уәде бере отырып, жауапкершілік арқалау. Хишам ибн Мұғираұлдары Фатиманың үстіне хазірет Алиге (р.а.) Әбу Жахилдің қызын некелеуге рұқсат сұрағанда, Ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) «Фатима - менің бір бөлшегім. Кім Фатиманы ренжітсе, мені ренжіткені» деп бұған рұқсат бермеген.
Ал тұрмыста келіспеушіліктердің кездесуі о бастан қалыпты жағдай. Қазақ халқы «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бұған  кең түсіністікпен қараған. Бұндай келеңсіздікті мұсылман адам сабыр және кешірім арқылы жеңуі тиіс.
Құранның «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят),
Хадистегі «Сіздердің ең қайырлыларыңыз - жұбайына жақсы қарағандарыңыз» деген мазмұнды сөздер ерлі-зайыптыларды бір-біріне түсіністікпен қарап, сыйластықпен, кешіріммен өмір сүруге шақыруда. 
Отбасында шаңырақты ер мен әйелдің сыйластығы ғана ұстап тұрады. Сол себепті ерлі- зайыптылар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. «Екі жақсы қосылса, бірін бірі қимайды, екі жаман қосылса, бір төсекке сыймайды» деп ата- бабаларымыз бекер айтпаған. 
Құдайберді Бағашар,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының
аға оқытушысы, PhD докторы
18 қаңтар 2018 ж. 930 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031