Шаңғы спортынан тұңғыш техникалық семинар өтіп жатыр
«Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінде халықаралық шаңғы спорты федерациясының қазақстандық жаттықтырушыларға арналған семинары өтіп жатыр. 23 желтоқсанға дейін жалғасатын семинар швейцариялық тау шаңғы спортшысы, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Бруно Керненнің жетекшілігімен өтуде. Тау шаңғысы спорты жаттықтырушыларына арналған техникалық курстар халықаралық Олимпиадалық комитеттің «Халықаралық ынтымақтастық» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Семинар барысында шаңғы дайындығынан бастап жарысты өткізуге дейінгі көптеген сұрақтар қаралып жатыр. «Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша техникалық семинар елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Семинар бағдарламасы ауқымды, әрі өте маңызды. Семинарда жаттығулардың заманауи әдістемелері, тиімді жаттығулар сияқты көкейкесті мәселелер қаралуда. Теориялық білімді дәл сол күні жарыс жолына шығып пысықтап алуға жақсы мүмкіндік бар. Семинарға қатысушылар жаңа тәжірибе туралы жоғары бағаларын беріп жатыр. Біз осы сияқты семинарларды тұрақты өткізуде көздеп отырмыз», - дейді Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев. Семинарға 60-қа жуық адам қатысуда. Олардың арасында Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары, өңірлерден келген бапкерлер және спортшылар бар.