МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР НАЗАРДА
Сәуір айынан бастап адам көп шоғырланған нысандардың өрт қауіпсіздігі тексеріледі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов мәлімдеді.
Тұрғындар көп жиналатын орындар "Жібек жолы" ойын-сауық орталығы, "Мұз айдыны" спорт кешені, "Арай" спорт-сауықтыру кешені және базарлардағы өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, облыстағы 300-ден астам жеке балабақша да тексерістен өтпек. Өткен жылы осы нысандарды тексеру кезінде 86 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталған еді. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержановтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру 2 ай уақытқа созылмақ.
"20 наурыздан бүгінге дейін 52 рет өрт сөндірушіге дабыл қағылған. Оның 7-і өрт болса, 45 өртке жатпайтын жану орын алған. Қураған шөптерді өртеудің соңы жалынға ұласқан. Желдің күшті болуынан тіптен қора, одан қалды 2 автокөлік өртенген. Сенбілікке шыққандар шөпті өртегенде мұқият болса", - дейді басқарма басшысы.
Биназир ЖАҺАНША