ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
2019 әскери бөлімінде 2012 жылы 25 желтоқсан күні қызмет барысында әуе апатынан қаза тапқан шекарашылардың рухына арналған естелік тақта ашылды.
Есеріңізде болса, Шымкент қаласының маңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы әуе апатына ұшырап, бір топ шекарашылар қаза болған еді. Олардың арасында жерлестеріміз 2019 әскери бөлімінің шекарашылары подполковник Ерлан Махаев және Аманбек Шуканов та бар еді.
Шараға 2019 әскери бөлімінің командирінің міндетін уақытша атқарушы, подполковник Данияр Қалиасқаров, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Мұрат Дәулетбақов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Камалов және қаза болған шекарашылардың туыстары қатысты. Әскерилер сап түзеп, бір минут үнсіздік жариялап, Әнұран шырқалды. Қызмет барысында қаза тапқан әріптестері туралы естеліктерін айтты. Шара барысында әуе апатынан қаза болған шекарашылардың рухына арналған кіші футбол турнирінің жеңімпаздары да марапатталды. Жүлделі I орынды техникалық қамтамассыз ету бөлімі, II орын десанттық шабуылдау заставасы жеңіп алды. Ал байланыс бөлімінің әскерилері III орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Ең үздік шабуылшы» аталымына майор Әлібек Ахметов, «Ең үздік қорғаушы» наминациясына кіші сержант Ержан Өтегенов, «Ең үздік қақпашы» аталымына сержант Мұрат Ақмурзин лайық деп танылды. Қапыда қаза болған әскерилердің туыстары бес жыл өтсе де ұмытпай еске алып жатқан ұлдарының әріптестеріне алғыстарын білдірді. Елі үшін ерлікке әзір болған әріптестерінің рухына арнап әскерилер құран бағыштап, ас берді.
Гүлбану МАҚАЖАН