80 МЫҢНАН 24 МИЛЛИОНҒА ДЕЙІН
25 жастағы Данияр Шайкемелов және Рафаель Тлепов 80 000 теңге капиталмен 3 жыл ішінде нарықта орнын тауып,бүгінде 24 000 000 теңге айналымы бар кәсіп ашқан. Олар "We project" онлайн журналына берген сұқбатында кәсіп ашудың қиындығы және орасан табысының сырларымен бөлісті.
Неден басталды?
Мен 16 жасымнан жеке кәсіппен айналысамын. Рафаэльмен осыдан төрт жыл бұрын жалдамалы пәтерде таныстым. Ол сауданы жақсы меңгерген. Ойлана келе, күннен қорғайтын көзілдірік сатуды жөн көрдік. 40 000 теңгеден жинап, Ресейден жеткізуші таптық. Ең қызығы, ғаламторда сатуды бастадық. Инстаграм желісінде екі парақшамыз болды. Осы желідегі танымал досымыз біз туралы жарнаманы өз парақшасында жариялады. Осыған дейін Қазақстанда көзілдірікті ғаламтор арқылы ешкім сатпағандықтан, қызығушылар саны көп болды. Бүкіл республикадан сұраныстар түсіп, алған көзілдіріктерді екі аптада саттық.
2015 жылдың 1 мамырында бағана алып, далада сатуды бастадық. Бұл – Bro компаниясының негізі қаланған күн. Қолымызда 30-дан астам көзілдірік болды. Бірінші күні-ақ барлығын өткіздік. Ол кезде көзілдірікті 15 000 теңгеге сауда орталығында, не сапасы төменін 1000 теңгеге базардан алуға болатын. Әлеуметтік жағдайы орташа халыққа тиімді баға жоқ еді. Біз көзілдірікті сатып бастағанда осы маңызды дүниені ұқтық. Біздің көзілдіріктің құны – 4000 теңге, оған қоса біз оны әдемі қорапқа, не қалтаға сүлгісімен салып береміз. Бірнеше күннен кейін бізге қала орталығында тұруымызға болмайтынын ескертті.
Астанаға неге көштік?
Жоғарыда атап өткенімдей, әлеуметтік желіде екі парақшамыз болатын. Соның бірі "Астана көзілдірік" деп аталады. Біз сол парақшамызда сұраныстың әлдеқайда жоғары екенін байқадық. Содан кейін "Астанаға көшейік" деп Рафаэльге ұсыныс білдірдім. Біз Тәуелсіздік даңғылына орналасып, Қостанайда бір ай көлемінде сататын өнімімізді Астанада бір күнде өткіздік. Болашағы бар екеніне көзіміз жеткен соң, мен Ресейге жаңа тапсырысты алып келуге жолға шықтым. Одан кейін біз "Жетінші континент" атты бизнес орталығы жанындағы орынға жайғастық. Рафаэль сатады, мен тауар әкелемін. Бірден көп алып келуге мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан әр 5-7 күн сайын Ресейге барып келетінмін. Күзде сатылым деңгейі күрт төмендеді. Мен көлік перделерін сатумен айналыстым, Рафаэль "Спортмастер" дүкеніне жұмысқа орналасты. Дегенмен кәсібімізді ұмытқан жоқпыз. Әлеуметтік желіде сатуды тоқтатпадық.
Орындыққа ақша жетпеді
2016 жылдың ақпан айында алғашқы дүкенімізді ашу үшін демеуші іздедік. Бізге 2 миллион теңге қаржы керек болды. Жоспарымызды әзірлеп, адамдарға көрсеттік. Дегенмен көбі табысты боларына сенбеді. Бір күні түскі ас ішуге бара жатып, банкке жолығуды ұйғардым. Ол кезде басымда 800 мың теңге несие береді деген ой мүлде болмады. Одан кейін "Есіл" сауда орталығында 12 шаршы метрлік жерді жалға алып, жөндеу жұмысын жүргізіп, жиһаз сатып алдық. Қалған қаражатқа көзілдірікке тапсырыс бердік. Сол уақытта орындыққа ақша жетпей қалғаны есімде. Себебі "орындық, не тағы көзілдірік алу немесе жарнама беру" деген таңдаудың алдында тұрдық. Әлеуметтік желідегі танымал артистпен келісіп, ол бейнежазба жариялады. Орындық алмаған соң күні бойы тік тұрдық. Ертеңіне келушілердің саны бірнеше есе артып, бір жылда сатамыз деген өнімді жарты жылда саттық. Сонда күш – жарнама мен үздіксіз жаңаруда екенін түсіндік. Әлеуметтік желідегі парақшамызды түрлендіріп, арнайы фотосессия ұйымдастырдық.
Оптика – жауапкершілігі мол іс
Күз мезгілі жақындай бастады. Біз сатылым деңгейі тағы төмендеп кететінін түсіндік. Сондықтан күнделікті көзілдірік тағатын достарымызды зерттедік. Олар қандай көзілдірік таңдайды? Не үшін дәл сол марканы? Көзілдіріктің қандай болғанын қалайды? Осының нәтижесінде қай брендтің затын сату керегін түсіндік. Сондай-ақ, "Бәрі ішінде" акциясын жарияладық. Қаржы ішіне көзілдірік, линзасы және жасалу жұмысы кіреді. Біз тұтынушыға үш түрлі таңдау ұсындық: 7490 теңге – "Студенттік", 14490 теңге – "Жұмыс" және қымбаттырақ нұсқасы "Байларға" арналған.
Бүгінде...
Астанада, Алматыда және Қостанайда 5 дүкеніміз бар. Жылдың соңына дейін 9 дүкен ашуды жоспарлаудамыз. Еліміздегі баға деңгейін төмендету үшін көзілдірік қорабын, спрейін әзірлейтін Қытайда өндіріс нысанын аштық. Бірнеше ай бұрын өзіміздің дизайнмен көзілдірік те шығара бастадық. Жақында Италиядан арнайы өкіл келіп, танымал брендпен келісім шарт жасадық.
Атауы неге Бро?
Екі апта бойы дүкен атауын қалай атайтынымызды білмей, көп ойландық. Одан кейін он минут ішінде таптық. Біз Рафаэль екеуміз бір-бірімізді бро деп атаймыз. Ол орыстың "братан" деген сөзінің қысқартылған түрі. Бір жағынан ағылшынша BRO – best room optic. Яғни үздік оптика бөлмесі. Екінші жағынан бұл екі достың ауызбіршілігінің арқасында ашылған кәсіп.
Әсел БЕГМАН