КЛУБ САНЫ АРТУДА
ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов Қызылордаға іс-сапары барысында облыс әкімдігі мен «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы арасында меморандумға қол қойылды.
Генерал-майор Мұхамеджан Таласов негізгі қызметінен бөлек, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы қызметін атқарады. Бүгінде «Жас сарбаз» қоғамдық қозғалысы бойынша елімізде әскери-патриоттық клуб саны – 2828-ге дейін артып, онда 73164 бала қамтылған.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағы – бізді қорғады» деген еді. Одан бөлек, тарихта қайсар мінезбен танылған елміз. Сондықтан жастарымызды отансүйгіштікке, қайсарлық пен батырлыққа тәрбиелейтін мұндай жобаны іске асыруға бір кісідей атсалысу қажет, – деді облыс әкімі.
Әскери-патриоттық тәрбие жұмысына жанашырлық ететін Мұхамеджан Таласов «Ұлтжанды жас сарбаз» әскери-патриоттық жұмысын, жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеген.
– «Жас сарбаз» қозғалысы жұмысының бірі кадет сыныбын ашу екені сөзсіз. Білім және ғылым министрлігінің, қоғамдық қордың қолдауымен 101 кадет сыныбы ашылды. Онда шамамен 3 мың бала оқиды. Олар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында маңызды әлеуметтік-педагогикалық негіз болып табылады, – деп атап өтті.
Шара соңында генерал-майор осы мақсаттағы жұмысты қарқынды жүргізуге қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына ризашылығын білдіріп, өңірдегі әскери бөлім мен мекемеге қамқорлық көрсетіп және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудегі абыройлы әрі белсенді жұмысы үшін Қорғаныс министрінің атынан «Ел қорғаны» медалін табыстады. Еліміздің әл-ауқатын арттыруда, жастарды отансүйгіштік пен адалдыққа тәрбиелеуде Қызылорда өңірінің алар орны орасан зор екенін ерекше атады.