Айдар Каженов, полковник: Шекарашы болғың келсе...
Бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне жүктелер міндеттің жүгі ауыр. Өйткені, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық мекемесі санатындағы Шекара қызметі құрлықта, теңізде, еліміздің аумақтық тұтастығын, шекаралық кеңістіктегі заңдылық пен белгіленген тәртіпті кірпік қақпай қатаң сақтап келеді. Оның ішінде облысымызға қарасты Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2019 әскери бөлімінің де еселі еңбегі бар. Осы мақсатта 2019 әскери бөлімінің полковнигі Айдар Каженовпен сұқбаттасқан едік.
– Айдар Кәбірұлы, 2019 әскери бөлімнің негізгі қызметі қандай?
– Шекара қызметі қырағылықты талап етеді. Осы тұста тағылымы мол тарихымызда бабаларымыздың ерлігін жастарға үлгі ете отырып, отансүйгіштік қасиетті қалыптастырамыз. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі биыл оқу-жаттығу жұмыстарын "Рухани жаңғыру – патриотизм негізі" атты ұранмен жүргізуде. Әскери бөлімнің күзету аймағы Арал ауданынан бастау алып, Жаңақорған ауданына дейінгі аумақты қамтиды. Әскери бөлім 1999 жылдан шекаралас Өзбекстан республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны күзетуді қамтамасыз ету, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, еліміздің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттарды кіргізбеу мақсатында шекараны күзетуде. Контрабанда, есірткі бизнесі секілді заңсыз іс-әрекеттер шекара аумағында жиі болатыны белгілі. Былтыр шекараны заңсыз кесіп өтпекші болған 4 дерек, контрабандалық тауарларды алып өту бойынша 1 дерек және есірткілік заттарды заңсыз егу, қолдану бойынша 1 дерек тіркеліп, тосқауыл қойылды. Мұндай оқыс оқиғалар шекарашылардың өз қызметін асқан ұқыптылықпен атқаруды талап етеді.
– Соңғы кезде қазақ батырларының есімі шекара бекеттеріне беріле бастды. Бұл жас ұландар бойындағы отансүйгіштік сезімін арттыра ма?
– Елбасы өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай", деп атап көрсетті. Жер аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді батыр бабаларымыз маңдай терімен қорғады. Бүгінгі бейбіт заманда ұлы даламыздың шебін қорғаушы жауынгер-шекарашылар сол батырлардың бүгінгі буыны. Әрбір әскери бекет батырлардың атымен аталса, жастардың бойындағы патриоттық сезім артады. Осы мақсатта «Қызылқұм» заставасында ашылған бекетке «Жанқожа батыр» есімі берілді. Бұл шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, мәжіліс депутаты Бақытжан Смағұлұлы, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділманов қатысып, батырдың ерлігі жайлы шекарашыларға айтып, оның ерлігін жалғастырып, мемлекетіміздің шекарасын қорғауда бабаның атына лайықты болуды тапсырды.
– Шекарашылар қандай техникалық құралды пайдалана алады және заманауи жабдықталған ба?
– Шекараны қырағы күзетуде техникалық бақылау бекеттеріндегі стационарлық радиолокациялық станциялардың маңызы ерекше. Бүгінде олар түгел дерлік заманауи станциялармен алмастырылған. Көптеген заставалар заманауи арнаулы құралдармен, дабыл қаққыш кешендермен, бақылау құралдарымен қамтылған. Материалдық техникалық қамтамасыз етумен қатар, инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары да жолға қойылған. Тау мен тастың арасымен өтетін шекара сызығын бақылауда жылқының орны ерекше. Санамызда қалыптасқан шекарашының бейнесін қызметтік иттерсіз елестете алмаймыз. Шекара бұзушылардың ізіне түсуде, есірткі тасымалдаушыларды құрықтауда қызметтік иттер әлі де сенімді күзетшілер қатарында.
– Шекараны қорғауға қандай азаматтар алынады? Жастарды осы салаға баулуға қандай кеңес бересіз?
– Талапкер он бірінші сыныпқа жетісімен, күзден бастап сол маңдағы шекара отрядының немесе аумақтық ҰҚК органдарының кадрлар бөлімшелеріне жолығып, баянат тапсырады. Қандай құжат жинап, тапсыру керегін сол жерде мамандар түсіндіреді. Оқуға түсуші құжаттарды жинағаннан кейін тез арада медициналық тексеруден өтіп, тізімге енгізіледі. Елімізге келетін шетелдік қонақтарды ең алдымен шекарашылар қарсы алады. Сондықтан бойы ұзын келбетті жігіттер болса, жақсы. Бастысы, мемлекет пен халыққа берген әскери антына адалдық талап етіледі. Жастар арасында шекерашы қызметін насихаттау мақсатында «Шекарашының жас достары» үйірмелері жұмыс істеуде. Аталмыш үйірме биылдан бастап М.Ыхсанов атындағы Қызылорда политехникалық коледжінің және қаладағы №172, №267 қазақ орта мектептерінің оқушыларына «Шекара қызметкерлерінің шеберлігін, қолданыстағы түрлі техникалық құралдарды қолдану тәсілін үйрету» бойынша әр аптаның бейсенбі күндері іс-шара өткізіледі. Жастардың басым көпшілігі оған қызығушылық танытуда. Алдағы уақытта алтын құрсақты аналар аман болса, алты құрлықты аузына қаратқан, айбынды алаш азаматтары елді қорғауға білек сыбана кіріседі деп сенемін.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА