МАРАФОН ҚАРЖЫСЫНА АЛАҢ САЛЫНБАҚ
Өткен сенбіде қала орталығында қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. «Қызылорда марафоны-2017» жарысына 700-ге жуық адам қатысуға ниет білдіріпті. Атап айтар болсақ марафонға 16 мен 84 жас аралығындағы спорт жанашырлары қатысты. Сондай-ақ, жарыстан департамент, кәсіпорындар мен мекемелер, банк қызметкерлері де қалыс қалмады.
Олар Тұңғыш президент саябағынан Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионға дейінгі аралықты жүгіріп өтті. Астананың 20 жылдығына арналған марафонды облыс әкімдігінің және «Zan Zangar» спорт орталығының бастамасымен өтті. Шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Марафонға қатысушыларға қайырымдылық жарна төлеуге мүмкіндік берілді. Шарадан жиналған барлық қаражат «Жастар үйінің» алдына шағын футбол алаңын салуға жұмсалмақ. Аталмыш қайырымдылық шара мұынмен тоқталмай әрі қарай да өз жалғасын табады. Ең бастысы, ұйымдастырушылардың қайырымдылық жасауға ниеттенген қадамдарын көпшілік қолдады. Демек, қайырымды іске жанашыр жандар көп деуге негіз бар.