ӘУЕЖАЙДА ТЕГІН КӨЛІК ҚОЮ УАҚЫТЫ 15 МИНУТҚА ҚЫСҚАРДЫ
Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының автотұрақ тарифтері өзгерді. Әуежайдың арнайы желісіне көлік қоюдың алғашқы 15 минуты - тегін. Уақыт шегінен асып кеткен жағдайда, автожүргізуші арнайы жолақта тұрудың әрбір келесі сағаты үшін 1000 теңгеден төлейді», - деп хабарлады «Астана LRT» компаниясының баспасөз қызметі.
Компанияның мәлімдеуінше, мұндай тариф өзгерісі халықаралық тәжірибеде бар.
«Автотұрақ аймағының арнайы жол желісінде рұқсат етілген тегін тұру уақыты - 15 минутқа дейін. Еуропа елдерінде ең аз тегін тұру уақыты қолданылады немесе тегін уақыт деген болмайды. Салыстырмалы түрде ТМД елдерінде тегін тұру уақыты көптеу. Мәселен, Киев әуежайында - 10 минут, мәскеулік «Шереметьево» мен «Домодедовода» - 15 минут, Санкт-Петербургтегі «Пулково» әуежайында - 15 минут», - деп атап өтті компания.
Жолаушыларды жеткізу үшін бөлінген арнайы жолақ 2018 жылдың 21 шілдесінде іске қосылды.
Арнайы жол желісіне Қабанбай батыр даңғылымен 6 шлагбаум арқылы кіруге болады. Шығар тұста 5 шлагбаум бар. Автотұрақ ақысын төлеуді жеңілдету үшін арнайы жол желісінен шығар жерде 3 паркомат қойылған. Тағы 2 паркомат Т1 терминалында және Т2 терминалы жанында орнатылған. Одан бөлек, әуежай автотұрағының бірінші қабатында касса жұмыс істейді.
Айта кетейік, әуежайдың ортақ автотұрағында тұру тарифтері де өзгерді. Егер бұрын алғашқы 30 минутқа тоқтау тегін болса, қазір бұл жеңілдік алынып тасталды. Яғни көлік иесі тұраққа кірген сәттен бастап 10 сағатқа дейін сағатына 100 теңге төлейтін болады. 10-шы сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін - 1000 теңге. Әрбір келесі тәулігі - 500 теңге.