Тегін дәрі-дәрмек кімге жетпеді?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мұны Үкімет отырысында баяндаған. Министрдің айтуынша, еліміздің көптеген аймағында мемлекет тарапынан тегін таратылуы тиіс дәрі-дәрмектер науқастарға жетпей жатқан көрінеді. Ал жергілікті емханалар дәрі науқасқа берілді деп есеп берген. «Желтоқсанда тегін дәрі-дәрмектің жетпей жатқаны туралы шағым түсті. Ал қаңтарда шағым қатары арта түсті. Тек қана фармация комитетіне 600-ден аса арыз-шағым түскен», – дейді министр.
Елімізде 2,5 миллион адам тегін дәрі-дәрмекке мұқтаж. Мәселен, арыз-шағым айтқан науқастар тегін дәрі-дәрмекті алмағанын айтқанмен, аймақтық емханаларда олар дәріні алған науқастың қатарында тізімге енген. «Бізді уайымға салған мәселе осы. Енді 20 мыңға жуық емделушіні тексеріп, тегін дәріні нақты алған-алмағанын анықтап, кімнің кінәлі екенін нақтылаймыз», – деді Е.Біртанов.