ТҮСІНІКТІ


Тұрсынжан Шапай
Автобусым кешікті. Уақыт қысқарсын деп аялдама түбіндегі ескі дуалға әлем-жәлем болып жапсырулы тұратын афишаларға назар салдым. Мәссаған! «Концертке келіңіз!» деген үлкен жарнама қағазды тұтас толтырып, қолағаштай бір тұмсық тұр. Үкілі бөрік киген. Екі көзі бағжиып, үкілі домбырасын Калашниковтың автоматынша көлденең асынып алған. Біздің жігіттер талтаюға шебер ғой. Мынаның да екі аяғының арасынан ел көшкендей... Концертіме кел дейді. Жеке концертіне шақырардай бұл кім екен деп төмендегі жазуларға үңілем: Торпақбай Жортақбаев, өзі әнші, өзі күйші, өзі биші, сазгер (так-так!), сықақшы, актер, ақын (ойбай!), «Бөрібасар» театрының бас режиссері (көтек!), бірдеңе-бірдеңенің лауреаты (айтақ!)... майталман асаба, молдалығы да нешауа...
Жә, түсінікті... Қысқасы, ешкім емес. Көп болса, Алаяқ Жолаяқовтың көп шәкірттерінің бірі. Жақсы-ақ етікші болатын жігіт екен, әттең. Амал жоқ.
Автобусым келді. Байқасам, бүйіріне жаңағы афишаны жапсырып алыпты. Кірсем, іште де сол.
Жұмысқа келдім. Көптен бері қабағы келіспей жүрген көрші бөлімдегі әріптесім жолыға кетті. Амандастық.
– Менің саған неге ренжіп жүргенімді білесің бе? – деді.
– Сіз... ренжіп жүрсіз бе?
– Көптен бері дұрыс амандаспайсың.
– Солай ма?
– Сен менің азаматтығымды, ғалымдығымды сыйламай-ақ қой, ақын, жазушылығымды, журналистігімді сыйламай-ақ қой, бірақ мен... мен өнер адамы емеспін бе? Тым құрса, сонымды сыйламайсың ба?
– Кешіріңіз, Мәке, білмеген екем... Не өнеріңіз бар еді?
– Мен, прежде всего, әншімін...
– Сіз... әншісіз бе?
– Мен күйшімін.
– Сіз... күйшісіз бе?
– Мен би де билей аламын!
– Сіз...
– Мен... Сен осы өзіңнен басқа кімді білесің? Айналаңа қарашы былай!
Қарадым. Ұзын коридордың қабырғасы алабажақ афишаларға толып кетіпті. Бәрінде – Мәкең. Жеке концертіне, өнер кешіне шақырады! Қара көзілдірік киген. Басында Элтон Джонның телпегі сияқты бірдеңе. Мәкең де талтаюдан кенде емес екен – рогатканың ашасындай сиықсыз сирақтарының арасына гитарды тігінен қойып, мініп алыпты. Мәссаған! Мәкең – расында да өнер адамы екен.
– Мен – осы мекеменің мақтанышы, замананың гүлі емеспін бе, біле білсең... Әй, қойшы сені... Халқым аман болсын. Халқым сыйласын мені!
Мәкең менен түңілгендей қолын бір сілтеп, көзінен үзіліп түскен бір-екі тамшыны алақанының сыртымен қағып тастап, бұрылып жүре берді.
Түсінікті... Мәкең де қазіргі көп «жан-жақтының» бірі болып шықты. Біздің жігіттер шетінен дарынсыз. Бірақ бәрі – жан-жақты. Дарынсыз ақын, дарынсыз ғалым, дарынсыз әнші, дарынсыз сазгер, дарынсыз... Қысқасы, жан-жақты дарынсыз, әмбебап дарынсыз!
Қайтарда жол-жөнекей математик досымның үйіне соқтым. Досым біртүрлі, ой үстінде екен. Кабинеті толған ораулы қағаздар. Қобыратып үйіп қойып, ортасында отыр.
– Бұл не?
Досым бір орамның жібін шешіп, жазып көрсетті. О, құдай! Афиша! Досым! Басына шалма ораған. Үстінде аппақ шапан. Аққудай-ау, аққудай. Қолында диуаналардың асасы сияқты бірдеңе... Жалма-жан жазуларын оқып жатырмын: досым – әулие, досым – көріпкел, досым – экстрасенс, досым – бақсы, досым – психотерапевт, телекинездік қасиет иесі... «Уф-суф» дегенде, ауруыңнан құлан-таза боласың. Келіңіз, келіңіз! Дәу сарайға сеансқа шақырамыз...
Мәссаған! Менің досым – өнер адамы! Менің досым – әмбебап... Уа, дарынсыз ит! Уа, опасыз дүние!
Қаштым...
Үйге қалай жеткенімді білмеймін. Келсем... көрші әйелдерді жиып алып, дүниедегі ең дарынсыз деп есептелетін менің бәйбішем... карта ашып, құмалақ салып отыр! Уа! Уа, менің бәйбішем – балгер! Менің бәйбішем – понимаешь, өнер адамы! Менің бәйбішем де жан-жақты. Менің айнала дарынсыз бәйбішем – енді жан-жақты дарынсыз!
Қабырғада толған афишалар – біздің бәйбіше: бақсы, балгер, көріпкел, әулие... келіңіз, келіңіз... адрес мынадай да мынадай (яғни, біздің үй).
Мен жындандым. Шашымды жұлдым. Аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Әйеліммен қосып тырқыратып бәрін көшеге қудым.
...Есікті іштен бекітіп алып, алқынымды басып отырмын. Ашуымды басып отырмын... Ойланып отырмын. Сірә, шынымен жынданған шығармын. Өйткені, мен енді былай ойлай бастадым: осы мен ғой Дардай Пәленшеевпін. Үлкен ғалыммын. Әйгілі мекемеде бөлім басқарамын. Демек, әйдік басшымын, қоғам, мемлекет қайраткерімін. Аздап компьютерде жұмыс істей алам. Демек, компьютершімін. Мен жыртылған шалбарымды өзім жамап, үзілген түймемді өзім қадаймын. Демек, мен – тігіншімін. Аздап жүгіретінім, аздап доп қуатыным бар. Демек, спортшымын. Мен кейде достарымның үйінде қонақта отырып, ән де айтып жіберем. Мен – әншімін. Аздап гитар шертемін – гитариспін. Ойбай, айтпақшы, кейде өзім білмейтін бір әуендерді ысқырып, ыңылдап жүретінім бар – сазгер шығармын тегі! Кейде, ішіп алғанда, өлең ұйқастыратыным бар – сірә, мен ақынмын осы!
«Бергеніңе тәуба, тәңірім! – дедім. – Мен де ел қатарлы өнер адамы екенмін-ау! Мен – жан-жақты екенмін-ау!»
Ризашылықтан тебіреніп көп жыладым.
...Ертеңінде афишаға тапсырыс жасадым. Халқыммен кездесу өткізбекшімін. Халқым мені төбесіне көтерсін... Халқым мені – сыйласын! Мен кімнен кем едім?! Әлгі қолағаш мұрын ғұрлы өнерім бар. Мәкең ғұрлы ел-жұртқа қадірім де бар... Енді не керек?!
Бәрі түсінікті.
Автордың «Қазақтың жаны» кітабынан алынған.
26 шілде 2018 ж. 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031