Арқа төсіндегі ару қала – Астана
Астана қаласына – 20 жыл
Тарихтан ерекше орын алып, қарыштап дамыған мемлекеттің әрі мәңгілік достықтың символына айналған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылымикітапханасы «Арқа төсіндегі ару қала – Астана» атты арнайы дайындалған кітап көрмесін оқырмандарға ұсынды. Аталған шараның мақсаты - Елордамыздың 20 жыл ішінде даму жолдары мен тарихи кезеңдерін насихаттау арқылы Астананың абыройын асқақтату.
Тақырыпқа сай безендірілген көрме «Астана тарихы – ел тарихы», «Астана – Елбасының ерлігі», «Тәуелсіздік тұмары – Астана» атты бөлімдерден құралған. Көрме Қазақстан Республикасының астаналарының қысқаша тарихын, Елбасының жаңа астана салу идеясын ұсынуы мен жүзеге асырған кезеңдерді және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын қамтиды. Көрмеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын тұлға, әлемдік деңгейдегі саясаткер, елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріндегі жасампаз өзгерістердің бастамашысы, қатысушы ретінде сипаттайтын түпнұсқалық тарихи әдебиеттерді, баспасөз материалдарын, Елбасының жаһандық деңгейдегі кемеңгер саясаткер ретіндегі рөлі жан-жақты көрсетілген әдебиеттер қойылды.
Қазақстан Республикасының астаналарының қысқаша тарихы мен Астана туралы 50-ге жуық фотосурет, елорданың өткенінен және бүгінінен сыр шертетін туындылар, Астананың қазіргі келбетін баяндайтын мол әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесіне 350 кітап қойылды.