20 мың долларынан айырылған: Танысына сеніп оңай ақша таппақ болған ер адам опық жегенін айтты
Өткен жылы бір ғана шетелдік қаржы пирамидасы қазақстандықтардан 30 миллион доллар қаржысын алдап алып кеткен. Мұны арам ойлы ұйымдарды әшкерелеп жүрген отандық мамандар айтып отыр. Ал мұндай алаяқ ұйымдар төңірегінде дау-дамай көбейген соң, Бас прокуратура мен Ұлттық банк ел тұрғындарын сақ болуды ескерткен еді. Бірақ құзырлы органдар қаптап кеткен қаржы пирамидаларының жұмысын тоқтатқанымен, оларды заң арқылы жазалай алмай отыр екен.
Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды
Қуаныш қаржылық пирамидаға ойда-жоқта тап болған. Жақын танысы оны жұмыс жасамай-ақ оңай ақша табудың әдісін үйретемін деп дәмханаға шақырыпты. Өзі сенетін кісіге күдіктенбеген ол сөздің сиқырына алданып, бар жиған тергенін алаяқ ұйымға апарып салған.
«Танысым мені дәмханаға шақырып, бәрін түсіндірді. Өзінің айтуынша, жақсы ақша тауып жүр екен. Сөйтіп мені де үйретті. Әуелі инвестиция жасадық. Салған қаржымнан күн сайын 1 пайыз пайда тауып отыруым керек болған», - дейді астаналық тұрғын Қуаныш.
Қуаныштың сөзінше, алғашында азын-аулақ ақша жіберіп тұрған компания бір-ақ күнде жоғалған. Осылайша ол 20 мың доллар қаржысынан айрылған. Мұндай алаяқ ұйымдарды зерттеп жүрген Алматы қаласының тұрғыны Ильфат қаржылық пирамидадан зардап шеккен тек қана Қуаныш емес дейді. Олардың нақты санын құзырлы органдардың өзі нақты білмейді екен.
«Шетелден көптеген компаниялар келеді. Олар үлкен қонақүйлерге халықты жинап, жоқ өнімді, болмаса бір технологияны жарнамалап, соған инвестор болуға шақырады. Әрине, одан қаншама пайданың астында қалатыныңызды, сендіріп тұрып айтып береді», - дейді IT компанияның жетекшісі Ильфат Туйебаев.
Ильфаттың айтуынша, бір ғана «Алфа-КЭШ» деген қаржылық ұйым өткен жылы қазақстандықтардан 30 миллион доллар қаржысын алдап алып кеткен. Олар "клиенттерін" компанияның өкілдері мен веб-сайты арқылы іздеп тауып, қармағына іледі екен. Сөйтіп екі қолын қимылдатпай-ақ тез байюдың жолын іздегендерді тақырға отырғызған.
«Сенің арманың бар ғой», - деп айтады. Әрине, бәріміздің арманымыз бар. Өзіміздің әке шешемізден бастап көмектесуге, бала-шағамыз жақсы жерде жақсы киініп, жұмыс істегенін қалаймыз. Осы нәрсені қалағандықтан, сол адамдар сол нәрсені сатады. Яғни сіздің арманыңызды өзіңізге сатады», - дейді экономист, кәсіпкер Берік Рақымұлы.
Мамандардың сөзінше, мұндай компаниялардың жұмыс істеу мехнизмі бір-біріне ұқсас. Өнім өндірмейсіз, тауар да сатпайсыз, тек қатарына қосылу үшін алғашқы салым жасайсыз. Артыңыздан өзіңіз сияқты бірнеше адам табасыз. Сосын сізге қомақты ақша өзінен-өзі келіп отырады. Олар осылай деп сендіреді. Бірақ ол үшін заң жүзінде жаза қарастырылған.
«Қылмыстық кодекс бойынша, қаржылық пирамида құрғаны үшін мүлкін тәркілеумен қатар, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», - дейді Мемлекеттік кіріс комитетінің профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерден Жұма.
Бүгінде ел аумағында нақ осы қаржы пирамидаларына байланысты 7 бірдей қылмыстық іс қозғалған. Олардың үшеуі Алматыда, үшеуі Қарағанды, тағы бірі Қызылорда облысында. Бірақ, олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде орналасқандықтан біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес дейді құзырлы органдар. Қолдан келері тек жұмысын тоқтату ғана.