Сығандар адамдарды қалай алдап соғады және олардың құрығына түсіп қалмау үшін не істеу керек?
Сыған ұлты жайлы сөз қозғалғанда көз алдымызға кез-келгенді алдап соғып, тақырға отырғызып кететін адамдардың елестейтіні жасырын емес. Сығандардың барлығы бірдей айлакер емес, алайда олардың арасында айла-тәсілдерін жетілдіріп, дамытып отыратындар жеткілікті.
"Сыған гипноздап ақшасын, бар мүлкін тартып алыпты" дегенді естімеген жан жоқ шығар. Алайда, сығанның қулығын гипноз деп қарастыруға бола ма? Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі гипнолог, менталист, "Звезды под гипнозом" шоуының жүргізушісі Иса Багировтан осы сұрақтардың жауабын алды.
Алматы қаласында танымал гипнолог тілшілермен кездесіп, гипноз әдістерінің көптігін ескеріп, олардың саналуандығына байланысты гипнозға түспейтін адамның жоқ екенін айтып берді. Адам баласы тіпті барлық өмірін гипнозда өткізе алады екен. Ол адамдардың түрлі проблемаларын шешу негізінде жақсы мақсатта терапияда кеңінен қолданылады, алайда гипнозды жеке басының қажеттілігі үшін бұрыс бағытта пайдаланатындар жоқ емес.
"Көшедегі гипноздың негізі адамдардың жаттанды қимыл-әрекеттеріне және адамның сыни қабылдау кезеңінен мүлтіксіз өтіп кетуге негізделген. Оны ниеті бұрыс адамдар пайдаланатынын білеміз. Менің сыған халқына айтар өкпем жоқ, сыған достарым да бар, бірақ сол ұлттың кейбір өкілдері өздерінің әдістерін мүлдем дұрыс емес бағытта қолданады.
Сығандар адамдарды қалай алдап соғады және олардан құрығына түсіп қалмау үшін не істеу керек? Халық көп шоғырланған жерде, мысалы, вокзал, базар және сауда орталықтарында адамдарды бақылап, жағдайды үнемі сараптап жүретін сығандар бар. Олар жан-жағына қарап, айналысындағы дүниелерге назар аудара алатын, реакциясы мықты адамға мүлдем жоламайды, оны алдауға ұмтылмайды.
Сығандардың назары аспан аударылып, жерге түссе де қоршаған ортасына мән бермейтін адамдарда. Мысалы, бірнеше жыл бойы бір бағытпен үйінен жұмысына, жұмысынан үйіне барып қайтатын, сол көшелермен жүргенге үйреніп қалған бір азамат бар делік. Міне, дәл осы жан — сығанның құрбаны.
Сыған әйел немесе еркек оны өзінің нысанасына айналдырады да, уысына түсіру үшін бірнеше уақыт бойы бақылап, зерттейді. Бір күні шаруасымен келе жатқан адамға біреу қоңырау шалып: "Максимді мектептен алдың ба?" деп сұрайды және осыны сыған естіп қалады. Ол оқушының есімін жаттап алады.
Сөйтіп күндердің күнінде әлгі адамға жүгіріп келіп, қолын ұстап, көзіне қарап: "Максим өледі", — деп жайып салады. Әрине, мұны естіген адам қатты таңғалып, таңырқап қалады.
Сығандарға сенуге болмайтынын жақсы білсе де, баласының дүниеден озатынын айтқан әйелдің сөзіне күмәнданбайды. Баламның бар екенін біледі, есімін дұрыс тапты, бәлкім ол жақсы көріпкел болар деген ой келеді. Сыған адамның сеніміне кіріп алған соң, ары қарай алдап, тақырға отырғызып кетеді. Адамдар осылай олардың әр сөзіне сеніп, үйдегі соңғы ақшаларын беріп жатады.
Сығанның айласына түсіп, опық жеп қалмау үшін белгілі бір, қиын емес талаптарды орындау жеткілікті. Егер қасыңызға сыған немесе сығанға ұқсайтын әйел не еркек келсе, мән бермей, бұрылып кетіп қалыңыз.
Сығанға мүлдем ұқсамайтын, бірақ сізді алдауды көздеген адам жаныңызға келіп, әңгімеге тартып, мазаңызды қашырса, айқайлап жіберіңіз немесе көзіңізді бақырайтыңыз (күліп). Егер адамның ниеті бұрыс екенін түсініп тұрсаңыз, айтып өткенімдей оның көңілін бөлетін іс-әрекеттерді жасаңыз. Сол кезде ол сізді мазаламайды", — дейді менталист.
Иса Багировтың айтуынша, адам жүрген жерінде мұқият болып, жан-жағына қарап, өзіне сенімді болса, айлакерлердің құрбанына айналу мүмкіндігі азаяды.