ДЕПУТАТТАР ДӘРІГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Балайым Кесебаева, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских Сырдария ауданында болды. Онда халық қалаулылары ауысымына 250 адамды қабылдайтын орталық емхананың жұмысымен танысып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті.
Амбулаториялық емхана «150 дәрігерлік амбулатория, емхана және фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы» бағдарламасына сәйкес салынған. Тұрғындарға жалпы тәжірибелік, мамандандырылған, зертханалық, функционалдық - диагностикалық қызмет түрлерін көрсетеді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Халық қалаулыларымен кездескен медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жасалып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Әрдайым адам жанының арашасы болып жүрген ақ халаттылар Парламент депутаттарынан олардың зейнеткерлік жастарын қайта қарауды сұрады.
Парламент депутаттары да медицина қызметкерлерінің барлық ұсыныстарын назарға алды. Өз кезегінде сөз алған Парламент мәжілісінің депутатыҚуаныш Сұлтанов өңірдегі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, кездесудің негізгі мақсатымен таныстырды.
– Парламент қабырғасында қабылданған заңдар ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Біздің өңірлердегі сапарымыздың негізі мақсаты Елбасының халықты әлеуметтік қолдау бағытында жүктеген міндеттерінің дұрыс орындалуын қадағалау. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, мәселелердің шешімін табуына ат салысу, жәрдемдесу, – деді.
Кездесуден кейін мәжіліс депутаттары аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен әлеуметтік - мәдени мекемелердің жұмысымен танысты.