Қар күреп, отын жарып, көмір тасып...
Қазалы ауданында тұрғындарға қуаныш сыйлайтын жасақ құрылды. Еңбекке етене жақын студенттер топты «Мейірімді жастар жасағы» деп атаған. Ал ұйымдастырушылар – Қазалы ауданы әкімдігі мен «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігі. Жасақтың басты мақсаты Қазалы қаласындағы жалғызілікті аналарға, қараусыз зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға қол көмек көрсету. Қытымыр қыста қар күреп, мұз ойып, ағаш жарып, көмір ұнтақтау көп күшті қажет ететіні белгілі. Жасақтың мүшелері көмекке зәру отбасыларға арнайы барып, жігіттер жағы даланың жұмысын істесе, қыз балалар жағы үй тазалығына көмектеседі. Алғашында 20 студенттен құрылған топ күн санап көбеюде. Бүгінде мемлекет мұқтаж жандарға қарайтын әлеуметтік қызметкер тағайындаған. Көбі – әйел адамдар. Қыста олардың әлгіндей жұмыстарға қауқары жетпейтіні түсінікті. Сондықтан студенттер мұндай отбасыларға қол ұшын созып жәрдемдесуге шешім қабылдаған. Абайша айтсақ, үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Ендеше, осы үш қасиетті біріктіре білген қазалылық жастардың бастамасы – барлық жастарға үлгі болар игілікті іс.