Идеялар бастауы
Шараны Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды. Бұл аймақта жобалық басқару аясында өткізіліп жатқан алғашқы шара. Мұнда 24 сағат ішінде қатысушылар жаңа идеяларымен бөліседі. Мақсаты – ең қызықты жобаны құру, жаңа тәжірибе мен басты жүлдені жеңу. HackDay фестифаліне қатысу үшін шығармашылық ортада топты жинап, сонымен қатар қызықты жобаларды ұсыну, оны жүзеге асыру қажет.
– HackDay идеялар фестиваліне 100 бала қатысады деп ойлағанбыз. Алайда, бірінші күні-ақ, 488 жас тіркелсе, екінші күні 407 топ қатысты. Қатысушы топтар ақпараттық технологиялар, кино және видео, контент және медиа секция бойынша сынға түсті, – деді электронды әкімдікті дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторинг бөлімінің басшысы Ақжігітова Индира.
Идея көп. Енді оны кәсіпкерлерге ұсынып, қолдау көрсету қажет. Мәселен, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенттері мен №3 гимназияның оқушыларынан құрылған команда газ анализаторын ойлап тапқан. Үйден газ иісі шықса, ұялы телефонға хабарлама түседі, сол арқылы қауіптің алдын алуға болады. Ал, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары смарт-палата жобасын ұсынған. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға таптырмас құрылғы. Смартфонға қондырылған басқару жүйесі арқылы науқастың ауруын нақтылай алады, емін белгілеп, ескертіп отырады. Сонымен қатар идеялар фестиваліне №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатынан 3 команда қатысып, 2 команда I орын, 1 команда алғыс хат иеленді. Бастамашыл жастар көтерген тың жаңалықтар кәсіпкерлердің қолдауымен жарыққа шықпақ.