» » ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТЫҒЫРЫҚТА ТҰР...

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТЫҒЫРЫҚТА ТҰР...

Дөңгеленген дүниеде
тағы дүрбелең. Армения мен
Әзірбайжан арасындағы қақтығыс саябырсыған сәтте Францияда тағы бір даудың алауы тұтанды. Макронның еліндегі дау-дамай мұғалімнің өлімінен кейін туындаған.
Оқырманға түсінікті болу үшін Фран­циядағы шырғалаңның шығу тегі­не тоқталсақ. Париждің іргесінде 47 жастағы мектеп мұғалімі Самюэль Пати кісі қолынан қаза тапты. Ол қаза­сынан біраз уақыт бұрын сөз бос­тандығы туралы талқылау кезін­де оқушыларына Charlie Hebdo са­тира­лық басылымының Мұхаммед пай­ғамбар туралы карикатурасын көрсеткен. Осыдан кейін қоқан-лоқ­қы көрген мұғалімді ақыры 18 жастағы этникалық ше­шен Абдулах Анзоров өлтіріп кетті. Ол твиттерге басы кесілген мұғалімнің суретін жариялап, оны пайғамбарды қорлағаны үшін “өлтіргенін” айтқан. Анзоров қашып жүріп полиция қолынан қаза тапты. Осы жағдайдан кейін Франция пре­зиденті Эммануэль Макрон мұғалімді аза тұту рәсімінде ислам дағдарыс жағ­дайында тұрғанын айтып, Фран­ция­­­ның өркениет құндылық­­тарын радикалды исламнан қорғауға шақырды. «Біз ка­рикатура мен суреттерден бас тарт­паймыз» деп күллі әлем алдында мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Фран­ция ішкі істер министрлігі ислам экс­тре­мизміне қатысы бар деген күдікке ілінген 231 адамды сол сәтте елден шығаруға бұйрық берді.
Ислам әлемі Франция президентінің мәлімдемесіне қызу реакция білдірді. Бангладеш, Индонезия, Пәкістан мен тағы бірнеше елде жаппай демон­стра­циялар өтіп, жиналғандар Франция­ның туы мен Макронның портреттерін өртей бастады.
Осы аптада Иордания, Катар, Ку­вейт пен Түркияда француз тауарла­рына бойкот жарияланды. Дүкен ие­лері бұл тауарларды сөрелерден алып тастаған. Францияда сейсенбіге қараған түні ондаған сайт (оның ішінде билік органдарының интернет-ресурстары да бар) исламистер тара­пынан хакерлік шабуылға ұшыраған. Аталған сайттарда ислам мен Мұхам­мед пайғамбардың жеңісіне үндеп, Францияның көзін жоюға шақырған ұрандар мен президент Макронның шошқа кейпіндегі суреттері жариялан­ды.
Көптеген ислам мемлекетінің басшылары Макронға қарсы ашу-ызаға толы мә­лім­демелер жасады. Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан барлық мұ­сылман мемлекетін батыста өршіп келе жатқан исламофобияға қарсы кү­ре­суге үндеді.
Бұл жанжалдан Шешенстан бас­шы­сы Рамзан Қадыров та тыс қалған жоқ. Ол Макронды “Мұхаммед пай­ғам­бардың карикатурасын қолдау ар­қылы француз президентінің өзі де тер­роршыға ұқсап, мұсылмандарды астыртын түрде теракт жасауға ша­қырып отыр” деп айыптады. Бірақ француз әріптесіне “психикасын ем­деу­ге” кеңес берген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бәрінен асып түсті.
Ердоғанның бұл сөзі мен француз тауарларына бойкот жариялауға үн­деуі Еуропаның наразылығына се­беп болды. Макронды да жақтаушы мемлекеттер де бар екен. Атап айтсақ, “Ердоған тым төмен дең­гейге түсті” деген Германияның сырт­қы істер министрі Хайко Маас, Ни­дер­ланды мен Италияның премьер-министрлері Марк Рютте мен Джузеп­пе Конте Эммануэль Макронға қолдау білдірді.
Елдің мерейін тасытатын сала спорт болса, бүгінде Францияның туын көкке көтеріп жүрген спортшы­лар­дың дені мұсылмандар екенін ес­кер­ген жөн. Француздардың бас­шы­­сы Макрон өз мәлімдемесінен ке­йін атақты саңлақтарынан қол үзіп қал­ды. Қазір ислам дінін пір тұтатын спорт­шы­лар Франция атынан сайысқа түсу­ден бас тартып отыр.
Ерасыл ШӘРІБЕК
05 қараша 2020 ж. 383 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031