Елбасы шыршасы балаларға шуақ сыйлады
Облысымызда Елбасының жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға оқуда озат, өнер мен спортта топ жарып жүрген жас жеткіншектер мен әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан және «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілеріқатысты.
– Еліміздің барлық өңірінде Елбасы атынан балаларға арналған жаңа жылдық шырша өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде балалар жаңажылдық шыршаның жанында жиналып, арманының орындалуын үлкен үмітпен күтуде. Ғасырлар бойы орындалмас арман деп саналатын көптеген ғажаптар бүгінде шындыққа айналды. Оқушылар жақсы оқып, халықаралық олимпиада, шығармашылық және спорттық байқауларда жеңімпаз атанып жүргендерің қуантады. Болашақта әрқайсысың еліміздің мақтанышы болатыныңа сенемін, – деп аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Биылғы жаңа жылдық шырша Елбасының жаңа жылдық құттықтауымен басталған шара жалғасын тауып, балалар облыстық тарихи-өлкетану музейін, Ә.Тәжібаев атындағы кітапхананы, орталық алаңды аралап, Қызылорданың өзге де көрікті жерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Меркелік шараға ризашылығын білдірген Сырдариялық балғындар түрік биін билесе, қазалылықтар испанша, аралдықтар Иран биін, Жаңақорғанның жасөспірімдері өзбек биін нақышына келтіре биледі. Өнер, білімі мен өрге жүздірген үздік оқушыларға Елбасы атынан бағалы сыйлықтар мен «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабы табыс етілді. Бұдан өзге мерекелік бағдарлама шеңберінде балаларды ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар мен мерекелік концерт ұйымдастырылып, тәттілер мен сыйлықтар табысталды.