Ұлттық Архивке - 45 жыл
Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің 1974 жылғы 7 ақпандағы "Қазақ ССР Орталық мемлекеттік мұрағатын құру" туралы қаулысына сәйкес жұмысын бастаған Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивіне биыл 45 жыл толды.
Қазақстандағы мұрағат ісінің қалыптасу тарихын 1790 - 1794 жылдары ең алғаш қазақ мұрағатының негізін қалаған Бөкей ханның есімімен байланыстыруға болады. Мұрағат саласының Кеңес дәуіріндегі қалыптасуы 1918 жылғы 1 маусымдағы РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі қабылдаған "Мұрағат ісін қайта құру және орталықтандыру" атты декретіне қатысты. Бұл декрет Қазақстандағы мұрағат саласының дамуына ықпал етті. Дегенмен бұл декреттің мазмұны түрлі қайшылықтарға толы болғандықтан оның алғашқы нұсқасы бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Тек 1960 жылдың 6 желтоқсандағы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы мұрағат басқармасы жөніндегі ережелердің шығарылуы қазақ мұрағат саласына тың серпін бере бастады. 1960-1975 жылдар аралығында Қазақ мұрағат саласына түрлі өзгерістер енгізілді. Қазір Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қорында Қазақстанның ғылым мен техника тарихына қатысты құжаттардың бай қоры сақтаулы. Оның ішінде еліміздің ауқымды территориясын суландыру жүйесінің жобасы, физико-географиялық және ауыл шаруашылық шолулары, өзендерді зерттеу, гидрогеологиялық және геологиялық, гидротехникалық материалдар, бөгеттердің, су қоймаларының эксплуатациялық бақылау скважиналарының су электростанциялары (СЭС), жылу электростанциялары (ЖЭС) магистралды каналдар, тұрғын үй және өндірістік ғимараттық жобалар қамтылған.
2018 жылы Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 90 жылдығына орай осы оқу орнының ұйымдастыруымен колледж тарихын қамтитын "Біздің мақтан тұтар түлектеріміз - 100 есім" атты жинағы әзірленген еді. Бұл жинаққа медучилищенің 1960 жылғы түлегі ретінде атам ‒ Әбдіқаниев Егізбайдың студенттік және өмірбаяны туралы дерек енгізілді. Атамыз туралы деректі іздестіру мақсатында менің әкем Арал қаласына барып, Арал аудандық архивінен жергілікті "Толқын" газетінің 1965 жылдың сәуір айындағы сақталған нөмірін іздеп тауып, Егізбай атам туралы құнды мақаланың көшірмесін әкелді. Бұл мақалада 1965 жылдың көктемінде Арал ауданының Ақбасты ауылында кене көбейіп кетіп, тұрғындар арасында кене ауруының алдын алу және ауылдың біраз адамдарын дерттен аман алып қалған сол жылдары аурухана фельдшері болып қызмет істеп жүрген Егізбай атамның еңбегі туралы дерек келтірілген. Жинаққа осы деректерді ұсынып, отбасымыз үлкен қауанышқа кенелді. Бұл ретте сонау 60-жылдардағы газеттің осы уақытқа дейін бүлінбей сақталып тұрғандығы Арал аудандық мұрағат қызметкерлерінің адал, әрі жауапкершілік істеріндегі зор үлесінің арқасында екендігін жеткізгім келеді.
Сандуғаш Нұрлыбекқызы,
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетінің
III курс студенті