Наурыз десе...
Біздің лебіз

...Магистрант кезім. Қаламақыға жұмыс істейтін «Жұлдыздар отбасы» журналы үшін атақты ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен сұқбаттасуға «Жалын» редакциясына бардым. «Наурыз Қазақстанда менің арқамда тойлана бастады» дегені есімде қапты. Әрине жыл сайын Наурыз тойында мәре-сәре ағайын түк болмағандай Мұхтар ақынды аузына алмайтынына ашынған да шығар бәлкім.
«1988 жылы мен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді сұрадым» деп еске алады Мұхтар Шаханов. Содан оның хатын Колбин Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бюросында қарайды. Бірақ бюрода Наурыз мейрамын қайта тойлау ұсынысын екі-ақ адам қолдаған. Оның бірі –Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Қалған бюро мүшелерінің барлығы қарсы шығыпты. Наурыз десе еріксіз есіме түсетін жағдай болды бұл. Бір қызығы, ҰБТ сұрақтарының ішінде «Наурыз елімізде ең алғаш кімнің бастамасымен тойлана бастады?» деген сұрақ бар екен.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ