Биыл елімізде 15,8 млн тонна мұнай өңдеу жоспарланған – Бозымбаев

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен Энергетика министрлігінің 2017 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2018 жылға жоспарлары тақырыбына арналған баспасөз конференциясында энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде жанармай және көмір тапшылығы болмайтынын айтып, өткен жылы бұл мәселеге қатысты туындаған жайтқа түсініктеме берді.
Министрдің хабарлауынша, 2017 жылы еліміздегі МӨЗ-дерде 14,9 млн тонна мұнай өңделген болса, биыл жоспар бойынша 15,8 млн тоннасын өңдеу көзделген. Ал көмір тапшылығына қатысты сауалға жауап берген Бозымбаев өткен жылы елімізде 2016 жылға қарағанда, 18 пайызға артық көмір өндіріліп, өңірлерге жіберілгенін айтты.
«Жер-жерлерде көмір сату жұмыстары қалай ұйымдастырылып жатыр, тасымалдайтын вагондармен қаншалықты қамтылғанына мән беру керек. Бұл мәселені біз ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен өткен жылдың қазан айынан бастап реттеуге алдық», — деді Бозымбаев.
Сонымен қатар, Бозымбаев жаңа жүйе ретінде енгізу үшін Үкіметке ұсыныс жасалып отырғанын жеткізді.
«Биыл Қазақстанда жанармай-жағармай резервтік қорын құру жөнінде ұсыныс білдірмекпіз. Ол мәселе пысықталып жатыр», — деп түйіндеді сөзін энергетика министрі.
Сондай-ақ, Бозымбаев мұнай өңдеу саласы халықаралық деңгейдегі нарықта үлкен бизнес екенін, оның бағасы тек Қазақстан деңгейінде ғана реттеліп отыруы мүмкін емес екенін атап айтты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!