ҒЫЛЫМДАҒЫ ТЫҢ СЕРПІН
Әлем өзгереді. Өзгертетін уақыт емес, ғылым. Адамзаттың ақыл-ойы минуттың қадірін, ғұмырдың нәрін сезіндіруде. Біле білсек, елімізде 2015 жылғы дағдарыстан кейін ғылымға деген сұраныс 9,7 пайызға артқан. Зерттеу жұмыстары бойынша көш бастаушы (74%) – Алматы мен Астана қалалары. Ал қызылордалық ғалымдар нендей жаңалық ашуда? Жас ғалымдар қарап жүрмепті. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте сегіз жылдық ізденістің өтеуін білдік. Елге тиімді жаңалықтар бар.
Сегіз жыл деуіміздің сыры, Қорқыт ата атындағы ҚМУ физика-химиялық зерттеу әдістері инженерлік бейімдеу зертханасы 2009 жылы ашылды. Сол уақыттан бергі химиялық процестер, ізденістер, тәжірибе алмасу жұмыстары талқыланып, тексеріліп енді өндіріске жіберілуде. Университет ғалымдары аймақтың ерекшелігіне байланысты зерттеулер жасаған. ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің грантын ұтып алған жобалар да бар. Зертхана жетекшісі Нұрбол Аппазов әр зерттеу жұмысына арнайы тоқталып, түсіндіріп берді.
- Қызылорда облысында мұнайдың мол қоры бар. Алғашқы жобамыз да осы салаға қатысты. Тарқатып айтсақ, мұнай өңдеу кезінде көп мөлшерде қалдық зат, алькендер түзіледі. Өңдеу зауыттарында оны арнайы өртейді. Ал мұнай, көмір өртенгенде қоршаған ортаға зиян келеді, иіс газы көміртек моноаксиді деп аталады. Осы екі затты әрекеттестіріп, қоғамға пайдалы синтетикалық матор майларын жасап, зең саңырауқұлақтарына қарсы препараттар алдық. Қазір мұнай қалдықтарынан құрылыс материалдарын алу мақсатында зерттеу жасаудамыз. Айта кетейік, осы зерттеулер арқасында облыста алғаш рет ғылыми зерттеулерді коммерциялау жобасына қол жеткіздік. Бұл мақсатта, 95 миллион қаржы бөлінді,-дейді ғалым.
- Өңіріміз күріш өсіруден алдыңғы орында. Сол күрішті өңдеу кезінде көп мөлшерде қалдықтар қалады, ол – сабан және күріш қауызы. Күріш қауызы ештеңеге жарамайды не өртелмейді. Ал, сабанды күріш орылып біткен соң өртеп жібереді. Биыл Қызылорда облысы 500 мың тонна күріш өнімін алды. Демек, сонша тонна күріш сабаны және 20-25 пайыз күріш қауызы қалады. Күріш өсіріп, ебін тапсаң, екі пайда көруге болады. Әлгі қалдықтарды өндіріске қалай жарамды етеміз деп, осы бағытта зерттеуімізді бастадық. Яғни, сабан мен қауызды арнайы өртеп, корбанизациялаған кезде көмірге айналады. Оны әрі қарай белсендіреміз. Өздеріңіз білесіздер, дәріханадағы белсендірілген көмір ағаштан алынады. Орман ағаштарын кесіп, белсендірілген көмір алған дұрыс па, әлде текке өртеліп жатқан сабан мен қауыздан алғанымыз тиімді ме? Белсендірілген көмір, сондай-ақ, медицина мен химиялық өнеркәсіпте пайдаланылады. Қызылорда облысында жантақ деген өсімдік көп өседі. Оны халық дәрілік мақсатта қолданған. Біздің зерттеушілер тобы Ресейдің «Жасуша биофизикасы» атты институт ғалымдарымен бірлесе отырып, жантаққа зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, мынадай қызық дүниеге көз жеткіздік. Атеросклероз деген ауру көпшілікке таныс. Ет, майды көп жеген адам тамырының ішкі бетіне холестерин түзіліп, түйінге айналады. Мұны емдеудің жолы алғаш Қытайда анықталды, дигидро-кверцитин деген қосылыстан тұратын қымбат препаратпен емдейді. Оны да өсімдіктен алады. Ал жантақтан алған қосылыстар арқылы атеросклероздың алғашқы сатыларын емдеуге болады,-дейді Нұрбол Аппазов.
Айдана ЖҰМАДИНОВА