» » ӨҢІРДІҢ ӨМІРШЕҢ БАСТАМАЛАРЫ

ӨҢІРДІҢ ӨМІРШЕҢ БАСТАМАЛАРЫ


Уақыттың үстемдігіне шек жоқ, тиімділіктің пайдасын білгенге әрбір күннің мерейі жеткілікті. Біз бес жыл ішінде аймақтың тынысын түлеткен толағай табыстарды саралай келе, серпіліс құшағындағы Сыр өңірінің өміршең істерін өзек етпекпіз. Бұл тұрғыда жастар саясаты үлкен қолдауға ие екенін, олардың тың жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты жанашырлық сезім ұялағанын айтқан ләзім. Мұның астарында атқарушы биліктің ықпалын ерекше атаған абзал. Келешек кілті саналған жас буынды жаңа дәуір салтына тәрбиелеп, барлық мүмкіндікті қарастырудың арқасында еркін елдің елеулі ұл-қызы ел дамуына ерекше атсалысып келеді. Облыс басшысының халық алдындағы есепті кездесулерінде жастар мәселесі тыс қалған емес. Оның нәтижесін мақала мазмұнынан аңғара аласыздар.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІЛІМ ГРАНТЫ
Алғаш 2013 жылдан бастап аймақта аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге білім беру қызметіне ақы төлеу үшін 677 студентке облыс әкімінің гранты тағайындалды. Ал өңірге қажетті мамандықтар бойынша аз қамтылған отбасынан шыққан студенттердің білім алу қызметіне ақы төлеу үшін гранттар көлемін 300-ге дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаға орай, облыстық бюджеттен 177 студентке әлеуметтік көмек көрсетуге 106,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде 240 студентке (232 бакалавр, 8 магистр) облыс әкімінің гранты тағайындалды, оның ішінде 92 студент жоғары оқу орындарына жолдама алды. Олар аймақта жаңадан ашылатын өнеркәсіп орындарына қажетті техникалық мамандықтарға, ветеринария, авиация, туризм, ақпараттық жүйе саласының мамандары болады. 
Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен аймақта алғаш рет Қазақстан Республикасының білім беру мекемелерінде өңірге қажет мамандықтар бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге білім беру қызметіне ақы төлеу үшін облыстық бюджеттен әлеуметтік көмек көрсетуге 51 654 мың теңге қаражат бөлінді. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде оң қорытынды алған 194 үміткердің құжаты арнайы комиссияның қарауына ұсынылып, 100 грант иегерлері белгіленді. Облыс әкімі грантының 77 гранты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне, 18 гранты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне, 11 гранты Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне, 7 гранты Алматы технологиялық университетіне, 4 гранты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, 6 гранты Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне бөлінді.
ЖАСТАРДЫҢ ТӨЛ БАСЫЛЫМЫ
2013 жылы 7 қыр­күйек күні «Ақмешіт жастары» газеті оқырманға жол тартты. Құрылтайшысы – «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы облыс жастарымен алғашқы кездесуінде жалынды топтың «өзіміздің газетіміз болса» деген ұсынысына қолдау білдірген. Осылайша алғашқы саны жарыққа шыққан облыстық басылымның негізгі  бағыты – өңір жастарының мәселелерін  қозғау. Сонымен қатар жастар саясаты саласында атқарылып жатқан шаралар  туралы  ақпарат беріліп қоймай, жас­тардың өз мәселелерін өздері көтеруіне мол мүмкіндік ашылған. Үш жыл ішінде жастар газеті жас журналистердің шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыратын жалынды шығармашыл орта болып қалыптасты. Бүгінде Сыр бойы журналистикасына жаңа серпін беруге бағыт алған Сыр жастарының төл басылымы 10000-ға жуық таралыммен апта сайын жарық көруде.
ЖАСАМПАЗ ЖАСАҚ
Облысымыздағы құрылыс нысандарының қарқынды жүруіне «Жас құрылысшылар» жасағы да өз үлесін қосуда. Бұл жасақ 2013 жылы жұмысын бастады. Оның құрамында 16-29 жас аралығындағы кез келген жас жұмыс жасай алады. Жасақ қатарында кәсіп түрін игерген 150-ге жуық сарбаздар тұрақты жұмысқа орналасты. Үстіміздегі жылы Қызылорда облысы әкімінің жастармен  бейресми кездесуінде жас құрылысшылар жасағының жетекшісі Сәдірбек Жұмабеков жұмыссыз жастардың мәселесін айтып, қолдау көрсетуін сұрады. Облыс әкімі ұсынысты қолдап, аймақтағы құрылыс нысандарына 516 жастың жұмысқа тұруына мүмкіндігі барын айтты. Қазіргі таңда 13 құрылыс компаниясында 270-ке жуық жас жұмыс істеуде. Осылайша үш жылда 900-ге жуық жас облыс көлеміндегі әлеуметтік құрылыс нысандарында еңбек етті.
УЧИЛИЩЕЛЕР АТАУЫ ӨЗГЕРДІ
 2013 жылдың қаңтар айынан бастап өңіріміздегі кәсіптік лицейлердің атауы колледж болып өзгертілді. Бұл жаңашылдықтың тиімді тұстары жетерлік. Біріншіден, халықтың арасындағы кәсіптік білім беретін лицейлерге, яғни бұрынғы училищелерге деген пікірін өзгертіп, оқу орындарына бедел алып беру болса, екіншіден, сол колледжде жақсы оқыған студент әрі қарай білімін жетілдіріп, оқуын жоғары оқу орындарында жалғастыра алады. Сондай-ақ, колледж тәмамдаған түлектерді жұмыссыз қалдырмас үшін ірі кәсіпорындармен алдын-ала келісім жасалады. 
«Байқоңыр» футбол клубы
2013 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен "Байқоңыр" футбол клубы құрылды. Сол жылы екінші лигада бақ сынап, жеңімпаз атанды. 2014 жылдан бері бірінші лигада аймақ намысын қорғап келеді. «Байқоңырдың» құрамы жергілікті жастардан құралған. Жергілікті аяқдопшылар білікті бапкер Сұлтан Әбілдаевтан тәлім алады.  

ЗАМАНАУИ СПОРТ НЫСАНДАРЫ
Ел спортының дамуы мен саламатты өмір салтын қалыптастыру барысында аймағымызда бірнеше спорт нысандары  пайдалануға берілді. Олар:  «Мұз айдыны», «Нұр-сәт» теннис орталығы, «Тарлан» бокс кешені. Бұл спорт нысандарында  республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік бар.Көп ұзамай 3000 орынға арналған жабық футбол алаңы, Илья Ильин атындағы ауыр атлетика кешені ашылады. Сондай-ақ,  байдарка мен каноэде ескек есу сияқты спорт түрлерін дамытужұмыстары  жалғасады. 
Ғани Мұратбаев сыйлығы
Аймағымызда Орталық Азия жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы 2016 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Алғашғы байқауда 70 үміткер қатысып, солардың ішінде 21 жүйрік жастар сыйлығына лайықты деп танылды. Ал байқаудың биылғы маусымында өңірден бөлек, Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Павлодар қаласы мен Батыс Қазақтан, Маңғыстау сынды 10 облыстан іріктелген 79 жас қатысып, бақ сынасқан. Комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылған 21 жасқа Ғани Мұратбаев сыйлығы табысталды. Байқау жеңімпаздарына төсбелгi, ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды.
Саламатты жанға серік спорт клубы
Өңірімізде 2014 жылы облыс басшылығының қолдауымен Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы ашылды. Спорт клубының міндеті – қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық спорттық шараларды ұйымдастыру, жастардыңбарлық спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беру.Клуб 15 спорт түрі бойынша 1000-ға жуық қала тұрғынына тұрақтықызмет көрсетеді. Облыс спортшылары осы клубта жаттығады.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы
2015 жылы «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы салынып, пайдалануға берілді. Балалар ауылын құрудағы негізгі мақсат та балалардың қоғамға әлеуметтік бейімделуін жанұялық жағдайда қалыптастыру. Сегіз тұрғын үйден тұратын отбасылық үлгідегі балалар ауылын ашу арқылы Қызылордада жетімдер үйі жойылды. Әр шаңырақтың Сарыарқа, Оқжетпес, Үшқоңыр, Байқоңыр, Ақжайық, Алатау деген өз атауы бар. Бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталған, өмір сүруге барлық жағдай жасалған.

25 қаңтар 2018 ж. 975 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031