ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ЖҮГІ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен актив жиынында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер сараланды.
Аймақ басшысы Жолдауда белгіленген он бағытқа жеке тоқталып, оларды жүзеге асыруға Сыр өңірінің мүмкіндіктері мол екенін айтты. «Кез келген мемлекеттің үш алып тірегі бар. Олар - жерасты байлығы, өндіріс орындары мен әрине адам капиталы» деп рухани байлықты байытуға басты назар аударған әкім жас ұрпақтың болашағын да бағамдады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда «индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу, жоғарғы оқу орнының ғылымын дамытуда, шетелдік университеттермен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға, жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс жасау үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектердің санын көбейту керегін» атап өтті. Жастардың білім алуына айрықша қолдау білдіретін аймақ басшысы бұл ретте «Біздің алдымызда заман талабына сай озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр» деп жуырда Қазан қаласында, Татарстан Республикасында болған сапарына тоқталды.
Облыс әкімдігі бұл сапарда ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы, өндіріс, денсаулық сақтау және білім саласында тәжірибе алмасу мақсатында келіссөздер жүргізді. Татарстан − ақпараттық және сандық технологиялар дәуірінде көшбасшы елдердің бірі. Ноу-хау жаңалықтары көп, ІТ-мамандар дайындайтын Иннополис экономикалық аймағы да бар. Қырымбек Елеуұлы Сыр жастарының болашақта Татарстанда оқып, білім алуы үшін арнайы гранттар тағайындайтынын айтты. Бұл мақсатта өзара ынтымақтастық жөнінде бірлескен Жол картасы қабылданбақ.
Бүгінде 500-ге тарта қызылордалық Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында жаңа технология бойынша білім алуда. Олар облыс экономикасына сандық технологияны енгізуде алғы шепте болары сөзсіз. Облыс әкімі өткен жылы Мәскеу қаласына жұмыс сапары барысында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және басқа да жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойып, келісім-шарт жасасты. Сондай-ақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті биылдан бастап физика-математика және механика-математикалық мамандықтар бойынша Сыр бойының түлектеріне арнайы 20 грант бөлді. Мұнан бөлек, республикада бірінші болып «Microsoft» компаниясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл келіссөздер онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft академиясын» құру туралы келісімге қол жеткізілді. 2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіптік білім беру саласында дуальды оқыту технологиясына негізделген білім беру жүйесі бойынша 1926 студент колледжде білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім беретін 25 оқу орнында 48 мамандық бойынша модульдік білім беру бағдарламалары эксперимент ретінде енгізілді. Облысымыздағы 3 оқу орны өткен жылы халықаралық институциональды аккредитациядан сәтті өтті. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арнаулы пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге қол жеткізілді.
Облыс басшысы білім саласындағы жаңалықтарға тоқталып, Жолдауда айтылған айқын мақсаттарды орындау үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Мәселен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептерді интернетке толық қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау, «Smart City» концепциясы бойынша білім беру функциялары мен технологияларының іске асырылуы, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру нақты айтылды. Сондай-ақ жастардың білім алуына барынша жағдай жасау үшін шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен, трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру бағытында ұсыныс енгізуді, жас ғалымдарға ғылыми гранттар аясында квота бөлуді, облыс әкімінің гранттарын бөлудегі саясатты Жолдауға сәйкес қайта қарап, ұсыныс беруді тапсырды. «Біз аймаққа қажет, болашағы бар жаңа мамандықтарды енгізуге міндеттіміз. Жас мамандар аймақ экономикасын ақпараттандыруға, санды технологияларды ендіруге үлесін қосуы қажет», − деді Қырымбек Елеуұлы.
Актив жиынында PhD доктор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі Сәбит Ибадулла баяндама жасады. Сәбит − Татарстанда болған делегацияның ең жас мүшесі. Көптеген инновациялық байқаулардың жеңімпазы атанған ол, «IT бағытындағы үздік жетістіктерімен, жаңа идеялармен, тың жобалармен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Әлемдік бәсекеге ие IT паркі, болашақ 150 мың тұрғынға арналатын «INNOPOLIS» атты инновациялық қалашық кемел келешектің негізі секілді. Осындай жетістіктерді көріп, тәжірибе алып, әрі қарай бірлесе тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік алдық», − деп Татар елінен алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ өзі еңбек ететін Қорқыт ата атындағы білім ошағының бірқатар жұмыстарына тоқталды. Университет білім беруде Назарбаев Университеті тәжірибесін жоспарлы енгізуде. Халықаралық және республикалық технопарктермен байланысып, университет ғалымдары мен білім алушыларының инновациялық идеяларын жүзеге асыру бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ақпараттық технологияларды пайдаланудағы бағыттар бойынша университетте «Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру» басқармасы құрылған. «КазРоботикс» қазақстандық робототехника федерациясымен робот саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында меморандумға қол қойылып, «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» кафедрасының студенттеріне Робототехника бағыты бойынша пәндер жүргізілуде. Сонымен қатар, университеттегі IT саласының мамандары жасаған «E-Univer» атты автоматтандырылған жүйесі жұмыс істеуде. Бұл жүйеде ректор, құрылым басшыларының блогтары, деканат, кафедра, оқытушы, студент ақпараттық жүйелері, электрондық кітапхана, электрондық құжат айналым, талапкер, ашық білім беру ресурстары және мемлекеттік онлайн қызмет көрсету жүйелері толық қамтылған. Енді университет ғалымдары оқу орны мұражайының «Smart museum» интерактивті жүйесін енгізбек. Мұражайға келушілер смартфон арқылы барлық объектілердің 3D визуализациясы арқылы көріп, мұражайдың секторларын 3D галаграммалық бағыт бойынша таныса алады. Ақпараттық технологиялар саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижесін тамашалайды. Сондай-ақ Сәбит өз баяндамасында білім ошағында әкімдікпен бірлесіп жүзеге асып жатқан бірнеше инновациялық жобаларды сөз етті. Университетте CISCO желілік академиясы ашылып, профессор-оқытушылары мен білім алушылары ақылы негізде CISCO академиясының курстарындағы оқуын бастап кеткен. Сонымен қатар, «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарының 4 курс студенттеріне «Компьютерлік желілер» пәні бойынша CISCO компаниясының желілік технологиялар бағытындағы зертханалық сабақтары интеграцияланған түрде жүргізілуде.
− Экономиканың ақпараттық технология арқылы дамуы − әлемдік жол. Осы әлемдік жолға қадам бастырған бұл Жолдаудың орны ерекше. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін IT саласындағы мамандар шын ниеттерімен қолдайтындығына және жүзеге асыруға барлық жігерімен еңбек ететініне сенімдімін. Жаңа технологияларды еліміздің жастары жылдам әрі сапалы түрде игеріп, бүкіл әлемде Қазақстан елінің IT бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерімен танылатын күн алыс емес, -деді Сәбит Ибадулла.
Сәбиттің баяндамасын мұқият тыңдаған аймақ басшысы, өз кезегінде «бір ғана кафедраға емес, барлық Сыр жастарына осы салада жетекшілік ет» деп сенім білдірді. Осылайша білімге жаңашылдыққа жаны құмар тағы бір жасты қанаттандырды.
Актив жиынында облыс әкімі жастар үшін жасалатын игі істермен таныстырды. Сыр жастарының білімге, ғылымға деген құлшыныстарын қуаттады. «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен келешегіне алаңдаған бір адамға әйгілі данагөй. Бұл тұрғыда жастарға деген жанашырлық жаңаша серпілістің жолын ашқанын айтқан ләзім. Мұнан болашақтың қадамына тың жобалар жүзеге асатынын аңғару қиын емес. Аталған жиыннан жастар атқарушы биліктің қамқорлығын сезініп, марқайып шықты.
Гүлбану МАҚАЖАН