Электромобиль Tesla
Жақында ғана Алматы қаласына электр қуатымен жүретін алғашқы Tesla автокөлігі келген болатын. Экологиялық жағынан пайдалы, шығыны аз өнім елді айтарлықтай қуантты. Қалтасы көтерсе елдің барлығы мінгісі келеді мұны. Оның үстіне соңғы жылдары жанар-жағармай құнының күн санап өсуіне байланысты экологиялық жағынан таза көлікке отыруға халық тарапынан талпыныс артқан. Осы тұста көпшілік сәнді көрінуден гөрі қаржыны үнемдеуге барынша тырысып жатқандай. Бұл расымен де тиімді ме? Мән-жайын бірге анықтап көрейік.
Бірінші мәселе – кедендік рәсімдеу. Электромобильді елге кіргізгеніңіз үшін әлі де кеден қызметкерлеріне ақы төлейсіз. Баж салықтары мерзімді түрде алынып тасталғанымен, бұл ұзаққа созылмайды, көп уақыт өтпей-ақ олар қайта сұралады. Өткен жылдан бастап электрлі қозғалтқышқа ие көліктердің барлығына салынатын баж салығының көлемі кедендік бағасынан 3-тен 2 %-ға дейін төмендетілді. ДКҰ-ның келісімімен 2021 жылға қарай электромобильдерге салынатын баж салығының мөлшері 0 %-ды құрауы тиіс, бірақ әзірше төлем жасауға тура келеді.
Ал кедендік рәсімдеу шарасынан кейін қосымша құн салығын төлеу қажет. Болашақта қосымша құн салығын және бастапқы рәсімдеу үшін талап етілетін қаржыны электромобильдерден алып тастау жоспарланып отыр. Алайда заңға бұл өзгерістің қашан енгізілетіні белгісіз. Қазіргі таңда іске асып отырған жалғыз жеңілдік – тек электрлі қозғалтқышпен жабдықталған жеңіл көліктерге көлік салығының салынбайтындығы.
Бұл көліктерді пайдалануда тағы бір мәселе бар. Ол мынау. Әлгі көлікке апат кезінде шұғыл хабарлау жүйесін орнатуыңыз қажет. Оның құны – 189 000 теңге. Онсыз Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлікті алу мүмкін емес, керек десеңіз бастапқы рәсімдеуден де өте алмайсыз. Әзірге көліктерге тек ресейлік өндірістен шыққан «батырма» орнатылуда. Қазақстандық өнім жуырда пайда болады деген хабар бар.
Содан кейін жүйенің орнатылғаны және қосылғаны туралы анықтама береді, онымен сіз аталған куәлікті алу үшін сертификациялау орталығына аттанасыз. Қызықтың бәрі осы жерде басталады. Куәлікті тек бұрында көлік құралының типін мақұлдау құжатын алған көлікке ғана рәсімдеуге болады!
Бұдан кейін алдыңыздан утилизациялық алым шыға келеді. Елдегі экологияны қорғау жөніндегі әңгімелерді ұмыта тұрасыз бұл кезде. Өйткені электромобильдер үшін әлі де утилизациялық алым төлеу талап етіледі. Оның мөлшері басқа көліктермен салыстырғанда төмендеу әрине, дегенмен тым аз деп те айта алмаймыз. Себебі оның көлемі 150 АЕК, яғни 378 750 теңгеге тең. Ендігі кезек тіркеу үшін төленетін алым. Темір тұлпарды бастапқы есепке қою үшін оның иесіне тек тіркеу алымын төлеу жеткілікті.
Сөз соңы. Сіз Еуропадан (бірақ қайдан алғаныңыз маңызды емес) құны 20 мың еуро тұратын 2019 жылғы Nissan Leaf көлігін алдыңыз делік. Тым ескі көліктерді қарастырудың мәні жоқ, себебі батареяның қызмет ету мерзімі әдетте жеті жылдан аспайды (дегенмен, бөлшектерді кез келген уақытта ауыстыруға болады). Көлікті Қазақстанға жеткізу үшін шамамен 1 500 еуро жұмсайсыз. Сонымен, батареясы судай жаңа Nissan Leaf көлігінің құны 25-26 мың еуро, яғни 11 млн теңгеге тең. Бұл жаңа көлікке қатысты айтқанда жаман емес, әрине. Ал егер ол үшін салық төлеудің қажет болмайтынын, әрі электр энергиясының бағасы мен жанармай бағасын салыстырар болсақ, бұл өте жақсы таңдау дер едік. Онда да, егер сіз қала аумағында не қуаттау станцияларының маңайында жүретін болсаңыз ғана, әрине. Міне солай.
Сапарыңыз сәтті болсын!
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ