» » ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНЕН ҮМІТТІ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНЕН ҮМІТТІ

    28 қаңтар мен 2 ақпан аралығында футзалдан әлем чемпионатының іріктеу турнирі өтеді. Элиталық кезеңге жолдама алған УЕФА мүшелігіндегі 16 команда төрт-төрттен төрт топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. «D» тобына түскен Қазақстан құрамасы Чехия, Словения және Румыниямен күш сынасады.
Биыл 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Балтық жағалауында жалауы желбірейтін дүниежүзілік доп додасына әр топтан үздік шыққан командалар бірден жолдама алады. Сондай-ақ екінші орын алғандар да өзара күш сынасып, сол матчтарда жеңіске жетсе, дәл сондай құрметке бөленеді. Қазақстан құрамасы кімдермен кездесетінін біз жоғарыда айттық. Ал өзге топтарда мына мемлекеттердің өрендері өнер көрсетеді:
«А» тобы – Португалия, Италия, Беларусь, Финляндия.
«В»тобы  – Испания, Сербия, Украина, Франция.
«С» тобы – Ресей, Әзербайжан, Словакия, Хорватия.
Айта кетейік, жерлестеріміз үшін жеребе сәтті түсті. Біздің топта атағы алысқа жайылған бірде-бір команда жоқ. Барлық қарсыластарымыздың деңгейлері шамалас. Мәселен, Чехия футзалшылары осыған дейін жеті мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионатына үш рет қатысып, 2004 және 2012 жылдары екінші кезеңде ойнады. Одан әріге шамалары жетпеді. Ал Еуропа біріншілігінде сегіз рет бақ сынады. 2003 жылғы Еуропа біріншілігін өте тамаша бастаған чехтар жартылай финалда Украинадан (1:5) тас-талқан болып ұтылды. Ол кезде үшінші орын үшін кездесу өткізілмегесін, жүлде бұйырмады.
Есесіне 2010 жылы айтулы елдің ойыншылары қола медальды иеленді. Ширек финалда Италиядан (3:3, пенальтиден – 3:1) айласын асырған олар жартылай финалда Испаниядан (1:8) ойсырай жеңілді. Шешуші сында Чехияның өкілдері Әзербайжанның (5:3) осал тұсын тапты.
Словения осы күнге дейін дүниежүзілік доп додаларына бірде-бір рет қатысқан емес. Ал қарт құрлықтың басты жарысында алты мәрте өнер көрсетті. Төрт рет топтық сайыста сүрінсе, 2014 және 2018 жылдары ширек финалға дейін жетті. Алғашында Испанияға (0:4) жол берсе, одан кейін Ресейден (0:2) ұтылды.
Румынияның да әлем чемпионатына әлі жолы түспеген екен. Есесіне Еуропа біріншілігінде төрт рет ойнады. 2007 жылы олар топтық турнирде сүрінді. 2012 жылы ширек финалға әупірімдеп жүріп жеткенімен, Испанияға (3:8) жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. 2014 жылы да дәл сол межеден көрінді. Бұл жолы румындардың жолын Ресей (0:6) бөгеді. 2018 жылы Словенияда жалауы желбіреген жарыстың алғашқы кезеңінен аса алмай, елдеріне еңселері түскен күйде оралды.
Жоғарыда аталған үш командаға қарағанда Қазақстанның жетістігі әлдеқайда жоғары. Сонау 1999 және 2000 жылдары жерлестеріміздің Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Малайзияда қола медаль алсақ, Тайландта күміспен күптелдік. УЕФА-ға өткеннен кейін де біраз белестерді бағындырдық. 2016 жылы Белградтағы бәсекеде Ресейді (1:2) алға жіберіп, өз тобымызда екінші орынды еншіледік. Ширек финалда әйгілі Италияны (5:2) шаң қаптырды. Жартылай финалда даңқы алысқа тараған Испанияға (3:5) әліміз жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыста Сербияны (5:2) сан соқтырдық.
2018 жылы Словенияда өткен жарыста Ресей (1:1) мен Польшаны (5:1) артқа тастап, топтық турнирде көш бастадық. Ширек финалда Сербиямен жолымыз қайта түйісті. Бұл жолы да біздің жігіттердің (3:1) мысы басым болды. Жартылай финалда Испаниямен (5:5) тең ойнадық. Бірақ пенальти соғу барысында Пиреней түбегі түлектерінің бағы жанды. Ал үшінші орын үшін өткен бәсекеде Ресейден (0:1) ұтылдық.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі рет өнер көрсетті. Ғасырлар тоғысында Гватемалада жалауы желбіреген жарыста отандастарымыз Бразилия (1:12), Португалия (2:6) және Гватемаладан (5:6) жеңіліп, топтық турнирде көш соңында қалып қойды.
2016 жылы қазақстандық футзалшылар әлемдік додада екінші мәрте бой көрсетті. Ит арқасы қияндағы Колумбияда өткен жарыста өз тобымызда екінші орынды иелендік. Турнир барысында Аргентинадан (0:1) ұтылғанымызбен, Коста-Рика (3:1) мен Соломон аралдарынан (10:0) басым түстік. Бірақ 1/8 фи¬налда азулы Испанияға тап болдық. Бұл жолы да әлемнің екі және Еуропаның жеті дүркін чемпионы деген дардай атағы бар командаға әліміз жетпеді. Бұл кездесу 2:5 есебімен аяқталған еді.
Міне, биыл 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Литвада өтетін әлем чемпионатына жолдама алу үшін жерлестеріміз таяу күндері жоғарыда аталған командалармен күш сынасады.
16 қаңтар 2020 ж. 464 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031