КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КӨПТЕН КҮТКЕН САУАЛДАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ
‒ Ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауын тыңдап шықтым. Биыл дүние жүзін қамтыған пандемия өміріміздің барлық саласына өзгеріс енгізді. Қиындықтар туындады, кедергілер кездесті. Мен барлық алаңдарда да айтып жүрмін, әсіресе, кәсіпкерлік саласы айтарлықтай зардап шекті. Кәсіп үшін алынған несиелер, өзге де кәсіпкер ретіндегі төлемдер жұмысы толық қосылмаған кәсіп иелері үшін айтарлықтай проблемаға айналды.
Еліміздегі эпидахуалға орай қабылданған шектеу шаралары да бизнес өкілдерінің толық қуаттылықта жұмыс жасауына әзірге мүмкіндік бермеуде. Осы орайда, барша кәсіпкерлер секілді, мен де Жолдауды мұқият тыңдап шықтым және Мемлекет Басшысының кәсіпкерлікті қолдауға қатысты қабылдаған шешімдері мен Үкіметке берген тапсырмаларына тәнті болып отырмын.
Ендігі жерде отандық өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ол үшін Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты механизм қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтіру өте ауыр қылмыс ретінде қаралатынын да жеткізді. Ол үшін арнайы нормативтік құжат әзірленеді. Кәсіп иелері үшін ең үлкен жаңалық – пандемияға орай наурыз айынан бастап ең зардап шеккен кәсіпкерлік саласындағы бизнес өкілдерінің қолданыстағы несиесі субсидияланатын болды.
Біздің өңір ауыл шаруашылығы бағытындағы аймақ болған соң шағын шаруашылықтарды кооперацияларға біріктіруді белсенді жүргізу керек деген ұсынысы көңілден шықты. Сондай-ақ алдағы уақытта агроөнеркәсіпті дамытуға арналған 5 жылдық мемлекеттік бағдарлама қабылданатыны да қуантады.
Президент кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жетуі қажеттігін, осы бағытта жұмыс жасалу қажет екенін баса айтты.
Бағыт айқындалды, тапсырма берілді. Енді оны жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізу ғана керек. Жақын күндері бизнес өкілдерімен, Өңірлік кеңес мүшелерімен бірге талқылап, ұсыныстарымызды жергілікті атқарушы органдарға, Орталық аппаратқа ұсынамыз.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры