2020: табыс салығынан босатады
«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Еліміз үшін өзекті салалардың даму жағдайына тоқталған Президент кәсіпкерлікке екпін түсіп отыр.
Мәселен, «тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
«Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енеді. «2020 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді» деген мемлекет басшысы Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс» екенін де еске салды.
Сондай-ақ Президент Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде көп балалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл жаңалық көп балалы жас аналарды қуантты.
Гүлнұр Бақытқызы, қала тұрғыны:
− Мен тұратын аймақта азық-түлік дүкені жоқ. Көшенің басында бір дүкен бар. Ондағы заттардың бағасы тым қымбат. Сондықтан бес балаға берілетін жәрдемақыға қарап отырмай тіршілік еткім келеді. Үйдің қасынан дүкен ашып, халыққа қолжетімді бағада азық-түліктер әкеліп сатсам деймін. Жолдауда айтылған бағдарлама жасалса мен қатысар едім.
Жолдаудың төртінші бағытында ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керектігін жеткізді. «Мен ең алдымен орта бизнес туралы айтып отырмын. Бізде кәсіпкерлердің осы тобына арналған нақты мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. Бұл әсіресе өнімді сату ісіне қатысты» деген Президент Үкіметке мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәселелері көзделмек.
Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде Президент берген тапсырламаларды орындауға қызу кіріскен. Еліміздегі микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату туралы Президент тапсырмасы төңірегінде аймақтағы кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен заңгерлер
ресми пікір білдіруге әзірленіп жатқанын айтты.
Гүлбану МАҚАЖАН