ЕКІНШІ АЙНАЛЫМДА ҰПАЙЫМЫЗ ҰЛҒАЯДЫ
Ерболат СЕРІК, «Байқоңыр» футбол клубының қорғаушысы:
ЕКІНШІ АЙНАЛЫМДА ҰПАЙЫМЫЗ ҰЛҒАЯДЫ
Павлодарда футболдан бірінші лиганың екінші айналымы басталды. Бұл бәсекеде Сыр намысын «Байқоңыр» футбол клубы қорғайтыны белгілі. Оңтүстік девизияда өнер көрсетіп жүрген қызылордалық команданың аяқалысы әзірге жаман емес. Алғашқы ойында-ақ қарсыласын қапы қалдырды. Команда құрамының белді ойыншысы Ерболат Серікпен байланысып, команданың алдағы ойындарға дайындығын сұрадық.
– Ерболат, аздаған үзілістен кейін Бірінші лиганың кезекті айналымы басталып кетті. Бір қызығы, ойындардың Павлодарда өтуі таңғаларлық жаңалық болды...
– Иә, алғашқы айналым Шымкентте өтіп, екінші айналым Алматы қаласында болу керек еді. Федерацияның шешімі бізді де таң қалдырды. Өйткені елдегі ауа-райының қазіргі жағдайы салқын. Қыстың алғашқы ызғары байқалып жатыр. Павлодар суық қаланың бірі ғой. Амал жоқ, біріншілікті аяқтау үшін Керекуде доп теуіп жүрміз.
– «Қыранмен» ойын «Байқоңыр» үшін сәтті аяқталды. Бірінші кезеңдегі кеткен есе қайтқан болар?
– Әрине, бірінші айналымда біз көп ұпай жоғалттық. Соның бірі – «Қыранмен» өткен ойында. Кеткен есе қайтты деп айта аламын. Жалпы «Қыранның» биылғы қауқары жақсы. Премьер лигаға жолдама алу мақсаты қойылған команданы жеңу оңай болмасы анық. Бар күшімізді ойынға жұмсап, қарсыластың қақпасына 3 гол салдық. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алда әлі 5 ойын бар. Соның барлығында ұпай еншілеуіміз керек.
– Негізгі құрамның ойыншысы ретінде бірінші айналымдағы сәтсіз ойындардың салдарын айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен үзілістің ұзақ уақытқа созылуы өз кедергісін тигізді. Өңірде карантин талабына сәйкес стадионда жаттығу жұмыстарын жүргізе алмадық. Осы жағдайлар – жеңілістің негізгі факторы. Одан кейін біздің ұжым біріншіліктегі ең жас құрам болып саналады. Бір-бірімізге толыққанды бейімделмегендіктен алаңда қателіктер болды. Сондай-ақ жасыратыны жоқ, біздің девизия екінші топқа қарағанда мықтырақ. Барлығының мақсаты биік. 6 ойында небәрі 4 ұпай еншіледік. Бірақ сәтсіздіктен сабақ алып, екінші айналымда ұпайды ұлғайтуға жұмыс істейміз.
– «Мақтаралға» соққан қос голыңыз ғаламторды шарлап кетті. Бір сөзбен айтсақ, «хитке» айналды. Екі гол да кездейсоқ соғылмаған шығар?
– Солақайлардың соққысы жойқын болады емес пе?! (күліп) Рас, ара тұра қақпаны алыстан көздеп қоямыз. Бірде дөп болса, бірде бағанадан биік кетеді. «Мақтаралдан» жеңіліп жатқан соң, намыс оянып, алғашқысын ызамен тептім. Ал екіншісі айып соққысы арқылы енді. Екеуі де 30 метр қашықтан бағытталды. Кездейсоқ деп айтуға келмейтін шығар. Өйткені мұндай жағдай жылына бір рет болып тұрады.
– Кәсіби футболшының матчқа қалай дайындалатыны оқырман қауымға қызық. Қысқаша осы тақырыпқа тоқталайықшы...
– Кәсіби футболшы күніне 2-3 сағат жаттығу жасайды. Қалыптасқан режим бар. Сондықтан алаңға шығу қиын емес. Таңертеңнен ұйқыға жатар уақытқа дейін не істейтінімізді белгілеп қоямыз. Таңғы ас, түскі ас пен кешкі тамақ та біздің бақылауымызда. Арнайы дәрумен қабылдайтын болсақ, команданың дәрігері мен бапкеріне ескертеміз. Түскі уақытта әрбір спортшы массаж алады. Одан кейін ұйықтауы керек. Жаттығу жиынында сылбыр нәтиже көрсеткен спортшыны кешке физиожаттығу күтіп тұрады. Оны алаңда бапкермен қатар дәрігер де бақылайды. Өйткені негізгі құрамды жасақтайтын кезде кімнің қарым-қабілеті қандай екені жаттығуда белігілі болады. Сондай-ақ бой мен салмақ дәрежесі де назарда болады.
Ерасыл ШӘРІБЕК