» » БІРЕУДІҢ ӘСКЕРІ БІРЕУГЕ ҚОРҒАН БОЛМАЙДЫ

БІРЕУДІҢ ӘСКЕРІ БІРЕУГЕ ҚОРҒАН БОЛМАЙДЫ

  Абылайхан ТӨЛЕГЕНОВ, «Қайсар» футбол клубының қорғаушысы:
БІРЕУДІҢ ӘСКЕРІ БІРЕУГЕ ҚОРҒАН БОЛМАЙДЫ

 
  Апта басында футболдан Қазақстан біріншілігінің алғашқы айналымы мәреге жетті. Әзірге алматылық «Қайраттың» бәсі биік. Жалпы биылғы маусым пандемияға байланысты көп кідіргені белгілі. Сондықтан чемпионаттың бірінші жартысы енді бел ортасына таяды. Биылғы біріншілікте біршама өзгерісті байқадық. Бақсақ, ел футболының айналасына келімсек футболшылардың қатары ұлғайған. Мұндай құбылысты отандық футболшылар қалай қабылдайды? Бүгінгі сұхбат айдарында осы сауалдың жауабын «Қайсар» футбол клубының қорғаушысы Абылайхан Төлегеновтен сұрап көрдік.
– Абылайхан, ел біріншілігінің алғашқы айналым, аяқталды. Командалар толығымен қалыпқа келді деп айта аламыз ба?
– Биыл әлемдік ахуалға байланысты ел чемпионаты қызық форматта өтіп жатыр. Бұрын соңды болмаған жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Қазір барлық команда Алматы қаласында тұрақталып, біріншілікті сонда өткізіп жатырмыз. Бұл бір жағынан дұрыс шешім. Тамыз айында қайта жалғасқан чемпионат үздіксіз өтуде. Аптасына кемі екі ойын өткізгендіктен барлық команда жақсы қалыпқа түсті. Бүгінде біріншілікте бағын сынап жүрген барлық команда бабында деуге болады.
– Еурокубоктық бәсекеге тоқталайықшы. Отандық 4 клубтың Еуро додадағы сәтсіз жорығының себебін тарқатып көрсек...
– Елдің айнасы «Астана» командасы алғаш болып чемпиондар лигасында ел намысын қорғады. Негізі сол бір тұста біздің біріншілік пандемияға байланысты тоқтап, футболшылар формасын жоғалтқан еді. «Астанаға» қолайлы қарсылас түсті дей алмаймыз. Қарсыласы бресттік «Динамо» елордалық ұжыммен салыстырғанда ортаңқол команданың бірі. Беларусь елінің ұтқан себебін қарастыратын болсақ, ең алдымен ол елде футбол бәсекесі тоқтаған жоқ. Футболшылар бабында болды. Әу баста жеребе болған сәтте «Астананың» келесі кезеңге өтетініне күмәнмен қарағандардың бірі өзім болдым.Одан кейін шымкенттік «Ордабасының» қадамы да біз ойлағандай жақсы болмады. Румындық «Боташанимен» жолыққан Цхададзе бапкердің шәкірттері де «Астананың» жағдайын қайталады. Негізі «Ордабасы» жаман ойнады деп айта алмаймыз. Өткір шабуылдарды барынша ұйымдастырды. Тек қақпаға енгізетін футболшы табылмады деуімізге болады. Бір жағынан шымкенттік ұжымға сәттілік сол күні серік болмады. Әйтпесе матчта «Ордабасы» 11 метрлік айып добына дейін тебуге мүмкіндік алды. «Боташани» екі шабуылмен-ақ ойын тағдырын шешіп кетті. «Қайратты" биыл Еуропа лигасының топтық кезеңінен көреміз деп ойлағанмын. Алғашқы қадамы сәтті болғанымен екінші раундта израильдік «Маккабиге» 2-1 есебімен жол берді. «Қайраттың» ойын мәнері жақсы болды. «Маккабидың» өз алаңында өткізген ойынының арқасында «Қайратты» қапы қалдырды. Жалпы пандемияға байланысты Уефаның шешімі болды. Еурокубоктық бәсеке бір ойыннан ғана тұрды. Бұл шешім біреуге оң болса, «Қайрат» секілді командаға кері әсерін тигізді. Егер қарымта матч өткенде алматылық ұжым алысқа барар еді. Өзіміздің «Қайсардың» кездесуіне тоқталсақ, әуелде жеребеде болжамды үш қарсыласымыз анықталған сәтте қарсыластардың қиын болатынын сездік. «Апоэл» түскен кезде оңай болмайтынын білдік. Шыны керек, жоғарыда айтылған үш клубтың қарсыласына қарағанда «Апоэлдың» шоқтығы биік еді. Оның үстіне жыл сайын кипрлік ұжымды топтық кезеңнен байқап жүрміз. Матчта бел немесе белбеу кетеді дегендей болды. Дайындық жаман болды дей алмаймыз. Негізінде тәжірибенің рөлі кездесуде қатты байқалды. «Қайсар» мұндай қайнаған қазанның арасына алғаш түсіп тұр. Сондықтан неге ұтылды деп сөгудің қажеті шамалы секілді. Әріптестерім 90 минут бойы барын салды. Бір сөзбен қорыта айтқанда, карантин кезінде жүргізілмеген жаттығулар мен өткізілмеген матчтар Еурокубоктық бәсекеге кері әсерін тигізді.
– Биылғы біріншіліктің басты ерекшелігі экономикалық одақтың өкілдері саналатын 5 елдің ойыншылары бір-біріне легионер саналмайтыны. Бұл шешімге сіздің көзқарасыңызды білсек?
– Шыны керек, мұны мен қабылдай алмаймын. Өйткені қазір ел біріншілігіндегі клубтардың дені осы жүйенің құрбаны болып отыр. Ресей мен Беларусь елінің футболшылары біріншілікте қаптады. Бапкерлер алдына қойылған мақсатты орындау үшін келімсектерді жинап, ұпай алудың қамын қарастыруда. Біріншілікте «Қайсарда» ғана бұл одақтың ойыншылары жоқ екен. Мысалы, «Шахтер», «Жетісу», «Оқжетпес», «Астанаға» қарсы кездесулерді байқасаңыздар, негізгі құрамның 90 пайызы келімсектер. Отандық футболшылар бірлі-жарым. Мейлі, біз ұтылдық, олар ұтты. Бүгін ойнаған футболшыларыңыз келер жылы жоқ. Сонда не пайда? Егерде қазақ футболының жағдайын көтереміз десек, жергілікті футболшыларға көңіл бөлу керек. Біреудің әскері біреуге қорған болмайды. Бапкерлер соны түсінсе екен.
– «Қайсардың» біріншіліктегі аяқ алысына тоқталсақ...
– Алғашқы айналымда 15 ұпаймен 7 орында келеміз. Ертең көкшетаулық «Оқжетпеспен» кездесеміз. Егер осы ойында ұтар болсақ, үздік үштікке енуге болады. Бапкерлердің тапсырмасына сәйкес жаттығуды күрделендірдік. Үздік болуға әркез талпыныстамыз.
– «Қайсар» жанкүйерлерін жеңіспен қуанта берсін!

Сұхбаттасқан
Ерасыл ШӘРІБЕК
03 қазан 2020 ж. 399 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031