» » АРЛАНДАРДЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

АРЛАНДАРДЫҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

 Қазақстандық «Астана Арланс» жартылай кәсіпқой бокс клубы бүкіл әлемдік бокс сериясының (WSB) сегізінші маусымын бастап, қатарынан екінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы қазақстандық боксшылар ресейлік Patriot Boxing Team командасын ойсырата ұтты. Шучинск қаласында өткен жекпе-жектегі алғашқы жеңісті 56 келіде жұдырықтасқан Ілияс Сүлейменов сыйлады. Ол Василий Веткинді (49:46, 49:46, 49:46) сенімді жеңді. Екінші кездесуде Ділмұрат Межитов қарсыласы Константин Богомазовты ұтып (50:45, 48:47, 49:46), қазақстандық команданың айбынын асқақтата түсті. Бұдан кейін рингке 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Нұрбол Алтаев шығып, үшінші жеңіске қол жеткізді. Ол Ровшан Ягубзадеден басым түсті. 75 келінің көркіне айналған Әбілхан Аманқұл Расул Алиевті 4:0 есебімен еркін ұтты. Кештің соңғы жекпе-жегін өткізген 49 келіге дейінгі салмақтағы Теміртас Жүсіпов қарсыласы Борис Сидоровты бұйым құрлы көрмеді (49:46, 49:46, 49:46).
«Астана Арланс» – осы WSB турнирінің жеңімпазы болып табылады. Сонымен қатар қатарынан үш рет бас жүлдені иеленген команда ретінде WSB тарихындағы ең титулды клуб ретінде де көш бастайды. Жаңа маусымның бастауында арландар Қарағандыда «Индиан Тайгерс» клубын 4:1 есебімен жеңген еді.
Бұл жаңа маусымда «Астана Арланс» азиялық топта өнер көрсетеді. «Патриот Боксинг Тим», «Индиан Тайгерстен» бөлек қытайлық «Чайна Драгонс» та – қазақстандық клубтың қарсыластары. Бұған дейін «Астана Арланс» клубының басшылығына олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевтың тағайындалғаны хабарланған еді. Оған дейін клубтың атқарушы директоры міндетін Саят Әбілдин атқарған. Еске сала кетсек, клуб алғаш құрылған 2010 жылы Болат Манкенов директор болды. Одан кейін бұл қызметке олимпиада чемпионы Серік Сәпиев келді.
Бақтияр Артаев 2004 жылы Афины олимпиадасында 69 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынып, таңдаулы боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын да иеленген. Сонымен қатар Артаевтың қоржынында – Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері деген атақтары бар. Жаңа маусым басталар алдында жаңа директор команданың алдына қойған міндеттерін де атап өтті.
– Менің міндетім – әр спортшының жеке тұлға ретінде ашылуына көмектесу, әр боксшының мінезін таныту. Олар тек шаршы алаңда ғана емес, шаршы алаңнан тыс жерде де өте мықты адам болып қалыптасуы тиіс. Біз осы бағытта барынша тереңірек жұмыс істейміз. Шамалы уақыттан кейін біздің ұстанған бағыт айқындалады. Турнир енді ғана басталды. Сондықтан әлі талай команда құрамында да өзгерістер болады, – деген еді Артаев.
Осыған дейін команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков те жаңа маусым жайлы ойын білдіріп, толық құраммен таныстырған.
– Спарринг-серіктестер бойынша ешқандай проблема жоқ. Жігіттер Таразда жақсы көңіл-күймен дайындалып жатыр. Сондай-ақ Әбілхан Аманқұл да бізбен бірге жаттығуда. Ол алдағы уақытта «Астана Арланс» сапында бір-екі кездесуге шығады және мені ұятқа қалдырмайды деп сенемін. Мен оны өзім жеке дайындап жатырмын», – деген еді бас бапкер. Бас бапкердің айтуынша, мына боксшылар осы маусымда клуб намысын қорғайды.
49 келі: Мардан Берікбаев, Данияр Ибраев.
52 келі: Ақниет Балтабаев, Бағдат Толыбаев.
56 келі: Нұрсұлтан Көшеғұлов, Жанболат Қыдырбаев.
60 келі: Серік Теміржанов, Әлімжан Бескемпір.
64 келі: Ділмұрат Межитов, Асқар Ерубек.
69 келі: Бекболат Құрамысов, Бекзод Халметов.
75 келі: Аман Қазанғапов, Сапарбай Айдаров.
81 келі: Нұрдәулет Жарманов, Шаймұрат Құсайынов.
91 келі: Арбек Абдуғаниев, Әбілқайыр Тұрланбек.
91 келіден жоғары: Дмитрий Зиско, Нұрсұлтан Аманжолов.
01 наурыз 2018 ж. 1 029 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031