» » ӘУЕСҚОЙ ЛИГАНЫҢ ҚЫСҚЫ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

ӘУЕСҚОЙ ЛИГАНЫҢ ҚЫСҚЫ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ


 Өткен аптаның жексенбісінде шағын футболдан Сыр өңірінің әуесқой лигасының қысқы біріншілігі басталды. Биылғы біріншіліктің басты жаңалығы қосымша «В» тобы ашылып, оған 10 команда қатысуға ниет білдіріпті. Аталған командалардың ішінен алғашқы  бірінші және екінші орынға жайғасқан клубтар тікелей «А» тобына жолдама алса, үздік үштікті түйіндеген құрама «А» тобындағы 8-орынға жайғасқан командамен өтпелі кездесу ұйымдастырылады. Сонымен «Сейхун» спорт кешенінде өткен алғашқы кездесулерге тоқталсақ. Қысқы маусымның шымылдығын «А» тобындағы «Кгэк» пен «Тарлан жастары» командалары ашты. Талай жылдан бері  лиганың көркін қыздырып келе жатқан «Кгэк» биылғы маусымды сәтті бастады. Құрамын кәсіпқой футболдың ойыншыларымен толықтырған клуб өздеріне тым сенімді болды. Десек те, қарсыластары үш ұпайды оңайлықпен ұстата қоймады. Кездесудің соңына таман шабуылдарын ширатып, есепті теңестіруге бет алды. Бірақ уақыттың тығыздығы «Тарлан жастары» үшін кедергісін тигізді. Қорытынды есеп – 5:3.
Айта кетейік, биыл қысқы біріншілікте жаңа командалар аз емес. Бірінші турда-ақ солардың екеуі өзара кездесті. «ДГД» мен «Аква гранд» арасындағы кездесуде алғашқысы 7:3 есебімен ойсырата жеңді. Шамасы «Аква гранд» командасы екінші таймда шаршап қалған болуы керек, әйтпесе үзіліске дейін таблодағы есеп 2:1 болатын. Қала біріншілігінің чемпиондары «Зенит» те алғашқы матчында оңай жеңіске жетті. Бірақ қарсыластары алғашқы таймда чемпиондардан ұпай олжалайтындай көрінді. Дегенмен екінші кезеңде  жауапсыз гол соғу чемпиондарға еш қиындық тудырған жоқ. Есеп 8-3. Былтырғы біріншіліктің күміс жүлдегері «КапСтрой» да дәл сондай көрсеткішпен «Спартакты» ұтты. Ал «А» тобының соңғы ойынын «Олимпик» пен «ХҚКО» командалары түйіндеді. Құрамын шеберлігі мығым ойыншылармен жасақтаған «Олимпик» үшін бұл ойын «оңай қалпағын қайырып» алғандай болды. Ойын басталысымен бір ғана қақпаның алдында шабуылдар өрбіді. Сол шабуылдың нәтижесінде «Олимпик» жауапсыз бес гол салды. Ойын бітер шағында қарсыластары әупірімдеп жүріп бір ғана голмен жауап қатты. Есеп – 5-1. «ХҚКО» қақпашысы біріншіліктің ең ардагер ойыншысы ретінде есте қалды. Тіпті, жас шамасына байланысты әлем тарихына енген Венгрия құрамасының қақпашысы Габор Кирайда оның қасында жас көрінеді. Сонымен алғашқы турдың қортындысы бойынша «А» тобында «Зенит» көш бастады.
Түс ауа «В» тобындағы ойындар басталды. Топтағы 2-3 команда ғана көпшілікке таныс. Ал қалған командалар жанкүйерлерге жұмбақ күйінде қалды. «В» тобын беймәлім команданың бірі – «Аян» мен «Қыран» бастады.Кездесу бірден жоғары қарқын алды. Өздерінің тастүйін қорғанысына көшіп кетпей, қарсы қақпаны қарауылға алатындарын аяндықтар бірден байқатты. «Қыран» қатаң прессингке жүгінетіндерін де осылай әдепкіден білдіріп қойды. Олар осы арқылы қарсылас ойыншыларын бірнеше рет болмашы жерлерде қателесуге мәжбүр етті. Дебютте «Қыран» екі-үш жылдам шабуыл жасап, екі рет бұрыштан доп беру себіне қол жеткізді. Осыдан бастап «Қыранның»  басымдығы айқындала берді. Бірақ бұл тұста аяндықтар қақпасы алдында шырғалаң сәттер бола қоймады. Ал «Аян» командасы қарсы шабуылдары біршама біржақтылау болды. Бұл жорықтар допты алған бойда алдындағы щабуылшыға қарай асырып тұрған Фазылбек Бекбанов  арқылы өрістеді. Ақырында аяндықтар осындай шабуылдарының бірін голға айналдыра білді. Есепті тез арада теңестіруді көздеген «Қыран» бірден қарсы қақпаға қарай жосыла шапты. Алайда, асығыстық пен тілектің арнаға сыймай ағыла жөнелгенінен болар, ойыншылары осы кезде бір-бірлеріне доп беруде көп қателесті. Соның салдарынан олар жарты жолда өшіп қалып жатты. Қайта ара-тұра аяндықтардың қарсы шабуылдары қауіпті бола түсті. Сондай жорықтардың бірінде олар есепті өсіріп кетті. Қортынды есеп 2-0.
Одан кейінгі ойындар нәтижесі төмендегідей:
Фк «Медина» – Фк «Цесна» 4-6;
Мфк «Сан Мұнай Газ» – Фк «Арай» 5-3;
Фк «ЦСКА» – «Жастар Ресурстық орталығы» 1-21;
«ҚМУ» – Фк «Арлан» 1-2
МИРАСТЫҢ МЕРЕЙІ
Тұңғыш президент күніне орай Ақтөбеде кикбоксингтен 2004-2005, 2006-2007 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Наурызбаевтың жүлдесіне орай турнир өтті. Бәсі биік бәсекеге 14 облыс, 2 қаладан 130-ға жуық жас өрен қатысып, бақ сынады. Айтулы аламанда Сыр өрені Алпысбай Мирас 50 келі салмақта сынға түсті. Мирас алғашқы белдесуден-ақ бабында екенін байқатып, жүлде алуға келгенін аңғартты. Ақтық сынға дейін іркілмей өткен жерлесіміз финалда аз ғана басымдықпен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелді.  Жас өреннің айтуынша «келер аламанда атой салып, жеңіс тұғырынан көрінуге жаттығу жұмыстарын жүргіземін»- дейді ол.
13 желтоқсан 2017 ж. 1 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031