» » ЖУРНАЛИСТ ЖОЛ ҮСТІНДЕ НЕМЕСЕ ЖОЛСЕРІКТІҢ ҚАЖЫРЛЫ ҚЫЗМЕТІ

ЖУРНАЛИСТ ЖОЛ ҮСТІНДЕ НЕМЕСЕ ЖОЛСЕРІКТІҢ ҚАЖЫРЛЫ ҚЫЗМЕТІ


Қызылорда перроны. Намаздыгер шамасында бірінші жолға «Қызылорда-Семей» пойызы жайғасып, алыстағы ағайынын күткен аға-жеңгедей темір есігін айқара ашып, тұтқаларды сүртіп, тойға дайындық жасағандай жасаулы топ жағалай тұра қалды. Қысқы мерзімге лайықталған арнайы киімі үлгісі денеге құйып қойғандай жараса қалған жолсеріктер жылы шыраймен жолаушыларды күтіп алып жатты. Кейбірі ауыр жүкке көмек көрсетіп, ыстық ілтипатын да көрсетіп бақты. Бір қарағанда күнделікті міндеті болса да қызметтік этиканы мінсіз атқаруға жаттыққан секілді. Бәлкім, пойыз құрамасы басшысының қатал талабы да болуы мүмкін. Олай дейтінім, сапқа тізілген сарбаздай әрбір вагон иесі есік алдынан алыстап кетпей тұр. Ертеректе бір кісінің айтқаны ойға оралды. «Вагонға жайғасқан 54 жолаушының түрлі мінез-құлқы болса, солардың тілін тауып, орын-орнымен қызмет көрсетіп, діттеген жеріне жетуіне барынша ықылас қоятын жолсеріктер де психолог екен» дегені бізді мойындатқан сыңайлы. Оған кейіпкер кейпіне енген екі күннің ішінде көзіміз жетті.

Сонымен сағат тілі 19.50-ді көрсетіп, пойызға жан бітті, темір тіркес алға қарай қозғалды. Іле билет тексеру процесі басталды. Жолаушылар да көршісімен лезде танысып, бір-бірінің түп-тұқиянын сұрастырып, мәре-сәре болып жатыр. Былай қарағанда, бір ауылдың халқы келе жатқандай әсер екен.
Біз темір жол тасымалы облыстық бөлімше басшылығымен келіскендей, «Ақмешіт жастары» газетінің екі қызметкері – Ерхан Мұратұлымен бірге жолсерік қызметін қабылдап алып, олардың тынымсыз тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қолмен ұстауға бекіндік. Алдымен жүрексіндік. Бірақ, құрама басшысы Ерлан Мамыровтың тыңғылықты дайындауы арқасында жолаушы алдындағы міндетке мойынұсынуға тура келді. Әсіресе, жолсерік жейдесін үстімізге ілген бойда жауапкершілік жүгі сезіле бастады. Мұнан бейхабар жолаушылар ә дегеннен «жолсерік бала, шәйің қашан дайын болады» деген сауалдың астына алды. Тіпті кейбірі «жап-жас жігіттер екен, қимылы ширақ, вагоны да мұнтаздай таза, жақсы жерден билет алыппыз, жолымыз болды» деп болжам жасап қойды. Біз тиесілі төсек-төсенішін таратып, бірсыпыра жолаушымен жүзі таныс болып кеттік. Енді бойды еркіндік биледі. Алғашында қара терге түскен едік, Мұнан былай ет үйрене бастады.
Қыс айы біршама тірлік кешуді сұрайды. Пеш жағу, жылумен қамтамасыз ету, тазалық сақтау секілді мың сан шаруа кезексіз атқарылады. Тіпті жолаушының жай-күйіне көңіл аудару да назардан тыс қалмағаны керек. Осынша жауапкершілікке тілшілер белді бекем буып кірісті.
Біздің анықтама:
Бұл пойыз бұрын «Алматы-Семей» аралығында қатынаған.  Сыр елі тұрғындарының сұрауы бойынша 2008 жылдан Қызылордадан қатынайтын болды. Құрамада 10 вагон бар. Оның 5-еуі купе, 4-еуі плацкарт, 1-еуі жұмсақ вагон.
Бұл идея қалай туындады? Жолсерік болу қайдан шықты? Осы жерде бір шегініс жасаған дұрыс секілді. Біз газеттің тақырыптық ажарын, жанрлық маңызын кеңірек ашуды көздеп, сол мақсатта журналистік жолсапар ұйымдастыруды жөн деп таптық. Алдымен «Нұр Отан» партиясы Теміржол филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Таңбаеваға хабарластық. Жаңашыл басшы бұл ұсынысты құптай кетті. Сөйтіп ол №22 Қызылорда-Семей бағытына қатынайтын жүрдек пойыз басшылығының келісімін алды.  Оңға басқан істің орайы осылай жігіне жатып, сәтін салды.
Түс ауа біз  Белкөл кентіндегі техникалық қызмет көрсететін орталыққа бағыт алдық. Мәселе – кәнігі жолсеріктің жанында жүріп, вагонды жолға дайындау шараларына қатысу керек. Сол бойынша сағат 13:30-дан 17-00-ге дейін басшылық бекіткен №10 вагонның тазалық жұмыстарын жолбастаушымыз Асылбек Бекеновпен бірге атқардық.  Вагондағы жарықтың жанып тұрғанынан бастап, есіктің ашып, жабылғанына дейін мұқият тексерген пойыз басшысы Ерлан Мамыров осыдан кейін барып, сапарға дайын деген нұсқау берді. Мұнан соң жоспарлы жиналысқа қатыстық. Онда жол бойындағы сақтық шаралары пысықталды, жолаушыларға қызмет көрсету сапасына барынша мән беру тапсырылды. Сондай-ақ журналистер таныстырылып, техникалық тетіктерді басқару жайын түсіндірді. Осылайша жолға сақадай сай болып, тәуекел іске тыңғылықты байламмен кірістік.
Ақылшымыз – Асылбек Бекенов. Еңбек жолында 25 жылдық өтілі бар жолсерік. Нағыз тіс қаққан маман. Өзі әңгімешіл. Жақын тартып сөйлеседі. Біздің де оған сұрағымыз көп. Ол тәмпіштеп түсіндіріп, бүге-шүгесіне дейін жеткізеді. Бұрын жергілікті жерде «тоқылдақ» аталған пойызда жолсерік болған. Небір оқиғаның куәсі. Оның да ретін тауып жазып алдық.
– Бірде пойызға жас келіншек отырды. Аяғы ауыр екені көрініп тұр. Өзін жайсызданып тұрғандай болды. Ай-күнін біліп, жолға шығу бір қажеттіліктен шығар, әйтеуір пойыз қозғалғаннан толғағы қысты. Ал, енді сасайық. Қас қылғанда, вагонда медициналық білімі бар не дәрігер, не фельдшер жоқ. Кімнен ақыл сұрайсың? Шапқылап жүріп, апаларға қолқа салдым. Купені жаймамен тұмшалап, кушетка секілді орын жасадық. Сол жерде сәтін салып, аман-есен босандырып алдық. Қазақта Қыдыр, Қыдырбай деген есімдер дәл осындай жағдайға байланысты қойған екен ғой. Мен де сол Қыдырбай қазір қайда жүр екен деп қоямын, – дейді ол бір әңгімесінде.
Тепловоздың тұмсығы Шиеліге тіреліп, жылдамдықты баяулатты. Қалың қараңғылықты қақ жарып, самаладай жарық төңіректі ап-анық танытып тұр. Аймақтағы үлкен стансаның бірі осы Шиелі. Мұнда сауда-саттық жақсы дамыған. Нәпақасын айырған көп кісі перронды кезіп жүреді. Бұл жолы кісі аяғы басылыпты. Асылбек ағамыз дереу түсті де тұтқаларды сүртіп, вагонның сыртқы келбетіне көз тастады. Біз қасына ілесіп, түрткен-түйгендерін қалт жібермей қарап жүрміз.
– Вагондар бұрын ескі күйде болатын,қазір ҚТЖ вагондарды қайта қалпына келтіргеннен бері, жағдай өзгерді. Кәсіптің тіршілігі көңілден шығады. Еңбекақымызды уақытында аламыз, өмірімізге де жеткілікті, жұмыс кестесі де ұнайды. 4 күніміз жолда, 4 күніміз үйде өтеді, – деп жалпы жұмыстың жайын да қозғап өтті.
Біз перронға түскен жолаушыларды вагонға кіруін өтініп, есікті жаптық. Тепловоздың дабылы «сақ болыңдар» дегендей, дереу екпін алып, өндірте зулай жөнелді. Доңғалақ дыбысы ауа қабатын дар-дар айырып, өршелене түсті. Енді алдымызда Жаңақорған. Ары қарай Түркістан. Біздің соңғы аялдама осы жерде.
Пойыз іші ала көлеңке. Гүбір-гүбір әңгіме әр жерден талып естіледі. Жолаушылар жайлы вагонның жан рахатына қанығып қалған сыңайы. Купе іші жып-жылы. Пештегі су бұрқырап, қайнап тұр. Жұрт аяқ-қолын созып, уақытты қысқартқысы келгендей еркін сұхбатқа кіріскені байқалады. Бақсақ, вагонда неше түрлі жолаушы бар. Бірі – басқа қалаға жаңа өмір бастауға жол тартқан, бірі – сүйікті отбасымен табысуға асыққан адам. Арасында той-томалаққа шыққаны да бар. Біз солардың бірін әңгімеге тарттық. Есімі – Арман екен. Ол Алматы қаласында оқиды. Мемлекеттік грант иегері. Әке-шешесінің арманы орындалып, Алматыдағы жоғары оқу орнына оқуға түскен. Енді ауылға, ет жақындарына деген сағынышын басып, кері қайтып келеді. Айтуынша, ұшақтан гөрі, пойызбен жүргенді ұнатады екен. Содан бір сәт оның ойына үңіліп көрдім.
– Негізі Тұңғыш Президент күніне орай  үйге барып келуді жоспарладым.  Содан демалысқа бір апта қалғанда Қызылордаға билет алдым. Қалаға 1 сағат 30 минуттың ішінде ұшып барайын деп ұшақты таңдадым. Ал, қайтарға пойызды жөн деп таптым. Қалаған мекеніңе өз қанатыңмен ұшқандай сезім сыйлайтын ұшақтан гөрі пойыздың артық екенін білесіз бе?
  • Жоқ.
  • Ұшақ жылдамдық пен жеделдік үшін жаралғандай. Шұғыл шаруаң болса әрине жақсы.
  • Пойыз ше?
–  Пойыздың ұшақтан артықшылығы мынада. Қыс ауасында ауа райы жиі құбылады. Бірде тұман, бірде көктайғақ. Яғни, ұшақтың уақытында ұшуы екі талай. Ауа-райына тәуелді болғандықтан уақытты өзгертуге тура келеді. Ал, пойыздың 45 минутқа кешігіп келе жатса да, бағыт алған мекенге уақытысында жету мүмкіндігі жоғары.
  • Оның дұрыс екен. Арман, туған жердің қасиетін қалай бағалайсың?
– Ата қоныстың қадірін білгің келсе, елден жырақ шығу керек. Қызылорда – мен үшін жердің жұмағы.
  • Біз журналистпіз, сен байқадың ба?
– Жоға, ештеңе білінбейді. Мен манадан бері жолсерік деп жүрмін ғой. Сіздер қай газеттенсіздер?
–«Ақмешіт жастары».
–Білем, менің сөмкемде бір данасы бар. Жолдастарыма көрсеткім келеді. Әсіресе, жалынды жастардың үлгілі жұмыстарын көрсету өнегесі ұнайды. Сосын жұлдыз-жорамал менің жұлдызымды дәл анықтама беріпті. Облыста жастар газеті болған қандай жақсы. Ортақ ой, ортақ мүдде тұрақты қозғалып тұрады.
  • Рақмет. Жолың болсын! Асқақ арманың орындалсын!
Біз келесі кісілерге жақындадық. Бір купеге жайғасқан Серік пен Гүлмира баласы Дәмірмен бірге Тараздағы достарының үйіне қонаққа бара жатыр екен.
– Біз отбасымызбен жолға шықсақ пойыздытаңдаймыз. Өйткені бұл жанұямен жүруге өте қолайлы. Таза төсек орын, ыстық шай, тыныштық, ешкім мазаламайды. Мұнан басқа не керек? Біз сирек саяхат жасаймыз, жылына бір-екі рет ҚТЖ қызметін қолданып, басқа қалалардағы туыстарымызға да барып тұрамыз.
Жолаушылардың аяғы басылып, ұйқыға жығыла бастады. Тыныштық орнады. Тек пойыздың екпіні, доңғалақ тырсылы меңіреу тыныштықтың мазасын алып келеді. Бізге ақыл қосып, кәсіпті игеруге көмек көрсетіп, қамқорлық жасаған Қызылорда-Семей пойызының өндірістік оқудың нұсқаушысы Асқар Исалин ағамыздың айтқанынан кәдімгідей ой түйдік. Жолсерік болу – жігіттің жігітіне тән жұмыс. Ұйқыны жеңген, ауыр жұмыстан аянбайтын, көпшілік көңілін табатын бесаспап болуы шарт. Мұнан бөлек, техника тілін де меңгеру керек. Жолаушылар арасында түрлі оқиғалар кездеседі. Ауырып, ем іздеген де табылады. Қонақтан шаршап шығатыны да шаң береді. Солардың ойын түсініп, көңілін тауып, орнына жайғастыруға да жүйке қалың болғаны дұрыс.
Пойызда механик те бар. Ол оқтын-оқтын техникалық жағдайды бақылап отырады. Жарықтың үзіліссіз берілуі, жылу жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі соның мойнында. Біз куә болғандай, бұл жолы ешбір алаңдаушылық болмады. Ең бастысы, жолаушылардан шағым жоқ.
Жаңақорғанға жеткенде жолаушылар орнынан қозғалған жоқ. Мұнда бес минуттай ғана аялдайды. Ал, перрон тыныштық құшағында. Жол бойы қызметкерлерінің доңғалақты тексерген балға тырсылынан өзге құлаққа жеткен дыбыс жоқ. Жолаушылар тобына сырттан қосылған ешкім болмады. Асылбек соны сезді ме, есікті жаба бастады. Мұнысы – вагон суып кетпесін дегені.
Біз Түркістанға жеткенде вокзал басы қыж-қыж қайнап жатты. Құдды Қоянды жәрменкесі дерсің. Халқы сауда-саттыққа әбден үйренген мекен ғой бұл. Ыстық манты, бәліш, палау... не қаласаң соны табасың. Түнгі бірдің өзінде тіршілік қызуы басылмаған Түркістанның осынысына таңбыз.
 Құрметті құдасын шығарып салғандай жолсеріктер бізді қимай қалдырып барады. Қысқа уақыттың ішінде қоян-қолтық араласып, ағалы-інідей болып кеткен бізге олардың ризашылығы шексіз. Ендігі мақсат – Семейден шыққан пойызбен Қызылордаға қайтуымыз қажет. Бірақ алты сағат вокзалда күтуге тура келеді. Ерхан Ақынов досым да шаршапты. Бірақ шешінген судан тайынбас дегендей, алған мақсатын ол орындады. Қызметті мінсіз атқарды. Журналистің қолынан да жолсерік болу келетінін дәлелдеді.
Таң саз бере күткен пойыз келді. Бізді алып жүрген Асқар ағамыз да сыр бермей жүр. Ұйқым келді деген де жоқ. Қайда болса да бізбен бірге. Жасының үлкендігіне қарамай бізді құрдасындай қабылдады. Жанына жақын тартты. Текті кісі екен, өнегелі жолын көрсетіп бақты.
Пойызға кірген бойда төсекке құлай кеттік. Шаршағанымыз анық. Бірақ жігітке жарасатын жігерден таңған жоқпыз. Ойымда жолсеріктер туралы мол тағылым тұр. Менің оларға бір ғана айтарым қалды: Жолың болсын, жолсерік!
Ерасыл ШӘРІБЕК
Қызылорда-Түркістан-Қызылорда
13 желтоқсан 2017 ж. 1 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031