Испанияны ұтқан Ресей құрамасы ширек финалға шықты
Футболдан Ресей ұлттық құрамасы әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Олар 1/8 финалда Испанияны жарыс жолынан шығарды.
Ойынның негізгі уақытында командалар 1:1 есебімен тең түсті. Екі гол да бірінші таймда соғылды. 12 минутта Cергей Игнашевич өз қақпасына гол соғып алса, 41 минутта Артем Дзюба пенальтиден таразы басын теңестірді.
Қосымша уақытта да құрамалар тең ойнап, ширек финал жолдамасы ойын соңындағы пенальти сериясында шешілді. Ресей құрамасының қақпашысы Игорь Акинфеев Коке мен Яго Аспастың тепкен доптарын қайтара білді.