«АСТАНА» РЕСЕЙ ЧЕМПИОНЫН ЖЕҢДІ
Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан «Астана» футбол командасы биылғы маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп, Ресейдің чемпионы «Спартак» командасын 3:2 есебімен жеңді.
Бұл күндері Қазақстанның 4 дүркін чемпионы мен Ресейдің 10 дүркін жеңімпазы Дубайда жаңа маусымға дайындық жүргізуде. Осындай әзірлік барысында командалар жолдастық кездесулер өткізетін дәстүр бар. Бұл ретте «Астана» алғашқы ойынын Мәскеудің «Спартак» командасына қарсы өткізді. Есепті бірінші болып астаналықтар ашты. Ойынның 19-шы минутында Абзал Бейсебеков қарсыластар қақпасына қарай әуелетіп әдемі пас шығарды. Ал бұл мүмкіндікті командаға жаңадан қосылған сербиялық футболшы Марко Станоевич сәтті пайдаланып, ала допты қарсыластар қақпасына тулатып түсірді. Араға екі минут салып тағы бір легионеріміз Джуниор Кабананга сол қапталдан шабуыл ұйымдастырып, Марин Томасовтың аяғына доп салып берді. Ал Томасовтың соққысы есепті еселеп үлгерді. Екінші таймда Джордже Деспотович «Спартак» қақпасына үшінші допты соқты. Ресей чемпионы қатарындағы ең қымбат ойыншы Квинси Промес 79 минутта пенальти арқылы гол соқты. Матч аяқталар тұста мәскеуліктер тағы бір доп соғып, есепті қысқартты. Енді астаналықтар Ресей премьер-лигасының тағы бір мықты ұжымы «Краснодар» және Словения чемпионы «Жилина» командаларымен кездесуді жоспарлап отыр.