Адалдық - ардың ісі
Бар жоғы 25 жасында ұлы деген атаққа ие болған адамды білесіз бе? Ұлылығының алдында еріксіз бас идірген? Ондай адамдар өмірде сирек кездеседі. Футбол әлеміндегі Пеле, Марадона, Зидан, Роналдо, Лэмпард секілді даңқты жандар аңыз атағына дәл қай күні, қай сәтте ие болғанын білмеймін. Ал, Джеррард әлемге ұлылығын 2005 жылы Стамбулда мойындатқан екен. Сол кезде-ақ футбол тарихына атын алтын әріптермен жазған. Дәл сол аңызға айналған Чемпиондар Лигасының финалында қайсар мінезімен танылған.
Ондай сәттер Джеррард үшін нағыз шайқас. Бұл жан шайқасу үшін туған. Жеңіліс өліммен пара-пар. Жеңіске жету үшін алаңда жанын аямайды, денсаулығы сыр берсе де жүгіруге дайын. Ондай жанкештілікті Джеррард әріптестерінен, бүкіл командадан, «Ливерпульден» сезінгісі келетін.Сезінді белгілі бір сәтке дейін. Осыдан он жылдай уақыт бұрын «Ливерпульдің» басына қара бұлт төнген еді. Командадан жеңіске деген жігер жоғалды, қайсар мінездің жұрнағы да қалмады. Құрам жоғарғы орындарға таласуға сай келмейтін еді. Сол сәтте Джеррард командадан кету жайлы да ойлады. Бойда кез келген топ-клубтың сапын мығымдайтын күш бар. Талайұсыныстар да түсіп жатты. «Реал Мадридтен», «Челсиден», «Манчестер Юнайтедтен». Кетпесе, сүлдері қалған командамен қандай жеңіске жетпек? Кетсе, өзіне табынатын миллиондаған жандардың, «Ливерпуль» жанкүйерлеріне қай бетімен қарамақ? Не деп ақталмақ? Жарайды, бәріне қолын бір-ақ сілтеп кетті. «Реалға» барар, «Челсиға» барар. Ірі жеңістерге жетер. Бірақ Ливерпульде жүрегіндегі командасы құлдырап жатқанда, тән рахаты үшін таңдаған командасымен қалайша бақытты болмақ? Басқа командаға кетсе жаны қиналатынын білді. Сондықтан кетпеді, сүлдері қалған, ығай мен сығай жиналған команданың намысын қорғауға бел буды. Ар азабын тартпас үшін.
2014 жылғы маусымда «қызылдардың» бойына қан жүгірді, «Ливерпульде» чемпиондыққа таласуға қауқары бар команда жасақталды. Суарес, Стерлинг, Старридж секілді жас, әрі жеңіске ынталы футболшылар келді. Джеррард бұндай жігіттермен АПЛ-дың алтынына таласуға болатынын сезінді. Дәл осы трофей Джеррардқа бұйырмай келген еді. Сондықтан әр матчта жанын салды. Алаңда қиналған команданы рухтандырып алға сүйреді.«Ливерпуль» 2013-2014 маусымда чемпион болу керек еді. Тым болмаса, Джеррард үшін. Әрине, орыстың миллиардер шенеулігі мен арабтың шейхтары да алтыннан үмітті еді. Бірақ әлемдегі ең сабырлы, қайсар жанға чемпион атағы бұйырғанда қара қылды қақ жарған әділдік орнар еді.Кейде өмірдің соншалықты қатал болатыны бар. «Ливерпуль» жеңіліп қана қоймады, Джеаррардтың қателігінен қолда тұрған алтыннан айырылды. Жауапты сәтте сүрінді де, өз қақпасына гол соғылуына себепкер болды. Джеррардты сыйлайтын әрбір жан: Бұлай болу мүмкін емес! Әділдік қайда?»деп зар иледі де қалды.Сол бір қателік Джеррардтың сағын сындырды. Бойынан күш-қайрат кеткенін сезді. Ойынында жиі қателіктер пайда болды. Қорғанысқа көмектесе алмайды, шабуыл шебін де басқарар қауқар жоқ. Жылдамдық кетті.
Бәлкім миллиондаған адамдар үшін хабары, Стивен Джеррардтың маусым аяқталысымен клубтан кету жайлы қабылдаған шешімі. Білесіз бе, Джеррард секілді адалдықты ту еткен жандар мәңгі бір орында қалғанын қалайсың. Джеррард «Ливерпуль» үшін жаралған. Дегенмен, клуб та, футболшының өзі де дұрыс шешім қабылдады. Капитан шаршады, капитан АПЛ-дың қатал шайқасына шыдаудан қалды. Қосалқы құрамда отыру Джеррардқа тән емес. «Ливерпуль» Джеррардсыз өмір сүруді үйрену керек. «Ливеруль» үшін аты мәңгілік болса да, Джеррард та ет пен сүйектен жаралған адам, заты мәңгілік емес. Клубтың болашағы үшін Джеаррард дұрыс шешім қабылдады.Стиви футболшылық мансабын мұхиттың ар жағында, «LA GALAXY» клубында жалғастыратын болды. Бейтаныс жер, жаңа өмір, табынушылардың махаббатына бөлену. Дегенмен де, Джеррардтың футболшы ғұмыры аянышты, аяғы өкінішке толы. Бірақтіпті «Ливерпульдің» жанкүйері болмасаң да, Джеррард секілді қайталанбас футбол шеберінің, арлы азаматтың ойынын тамашалағанда әрқашан мақтаныш сезім жүрері анық.