ЖАНАШЫР ЖАНКҮЙЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

– Құрметті, жиылған жанкүйерлер! Сіздердің шағымдарыңыз жөн. Қазір клубтың басына қара бұлт үйіріліп тұр. Бұл бір жағынан сынақ деп ойлаймын. Спорт болған соң жеңілістің кермек дәмін де татасың. Мен де шәкірттеріммен бірге жетістікке жетуді көздеймін. Бірақ сәттілік жағы жетіспей жатыр. Аймақ басшысының қолдауына дән ризамын. Әр ойын сайын командасын қолдауға алаңға асығады. Клубқа бар жағдай қарастырылған. Енді келесі "Ертіспен" ойында бар күш жігерімізді салып, жеңіске жету жолын қарастыруымыз керек. Егер команда тағы ұпай жоғалтса, орнымды босатуға әзірмін,- деп уәдесін берді.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1968 жылдың 14 сәуір күні "Қайсар" командасы жасақталып, алғашқы кездесуін өткізген. Локоматив стадионында алматылық "Динамоны" қабылдап, 1-0 есебімен Сыр аяқдопшыларының бағы жанған. Аталмыш дата клубтың туған күні ретінде белгіленіп, осы уақытқа дейін тойланып келеді. Бір қызығы, биыл сол күні "Қайсар" керекулік "Ертісті" қабылдайды. Ендеше меншікті мерекесінде клубтың мерейі үстем боларына сенейік.