Астанадан Парижге дейін веломарафон болады
4 тамыз күні Астанадан Blind Race Astana – Paris веломарафоны бастау алады. Веломарафон 6 ел мен 30 қаланы басып өтеді.
«Шектеусіз мүмкіндіктер әлемі!» ұранымен зағип және нашар көретін велошабандоздар Астанадан Парижге дейін шамамен 5000 шақырым қашықтықты еңсермек. Веломарафон 6 ел мен 30 қаланы басып өтіп, әлемнің екі шетін байланыстырмақ. Жобаны насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында ірі 11 қалада қоғам өкілдерімен, ерекше қажеттілігі бар адамдармен, спортшылар және БАҚ өкілдері мен кездесу өткізіледі.
Blind Race Astana – Paris веломарафоны 4 тамыз күні, сағат 12:00-де «Қазақ елі» монументі алдынан салтанатты бастау алады.
Жобаға қатысушылар мәре сызығын қыркүйек айының ортасында веложарыс отаны саналатын – Париж аяқтауды жоспарлауда.
Жоба ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «Ел Тірегі» шағын және орта бизнес қауымдастығының, Қазақстан Республикасының Паралимпиадалық комитетінің, Қазақстан Республикасы велосипед спорты федерациясының және т. б. қолдауына ие болды. Іс-шараның салтанатты басталуына ҚР СІМ, МОР, МСМ, ҚР Паралимпиадалық комитеті, Қазақстан футбол федерациясы, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері қатысатын болады.