Головкин: «Канеломен» жекпе-жек ерте аяқталады
WBC, WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өтетін екінші жекпе-жек ерте аяқталатынын мәлім етті. «Мен «Канелоға» қарсы алғашқы айқаста жеңіп шықтым. Мұны тек статистиканы көргендіктен айтып отырған жоқпын, халықтың басым көпшілігі мені жеңімпаз деп санайды. Мен белдіктерімді сақтап қалып, оларды үйіме алып қайттым. Әлем чемпионы болдым, болып қала беремін де. Төрешілер әділ болса, екінші кездесу мен үшін де, бокс үшін де маңызды болмақ. «Канело» екеуміз осал қарсыластар емеспіз, сондықтан ауыр жекпе-жек болады. Екінші кездесу ерте аяқталады деп ойлаймын», - деді Головкин ESPN- ге берген сұхбатында. Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 15 қыркүйекте Лас-Вегастегі T-Mobile аренасында өтетін болады.